Қарағанды облысында мал шұңқырға түсіп, қырылып жатыр. Айдың күннің аманында төрт түліктен көз жазып қалған тұрғындар, екі жылдан бері жергілікті билік шарасыздық танытты деп қапалы. Тереңдігі екі метрге дейін жететін орды кім қазған? Ол заңды ма? Жауаптылар не дейді?
Бұқар Жырау ауданына қарасты ауыл тұрғындарының айтуынша, ұзындығы екі шақырым болатын шұңқырды балық шарушылығын дамытып отырған кәсіпкер қазып тастаған. Сол кезде халық қарсылық танытып, жергілікті билікке де, кәсіпкердің өзіне де шағым білдірген. Бірақ, ешкім құлақ аспаған істің соңы малдың қырылуына әкеп соқты.
"Менде өзімде үш бас, төртінші бас міне жатыр. Барлығы құлындайын деп тұрған бие, байталдарым менің", - дейді Байқадам ауылының тұрғыны Айдос Дөненаев.
"Адам өлу керек пе? Осындай мәселеге жеткізу керек пе?! Міндетті түрде мал өлу керек пе?! Біреудің жеп отырған наны кету керек пе? Сонда заң жоқ па? Жоқ дегенде кеткен шығынды толтырып берсе, кім жетісіп жүр мына заманда", - деп ренішін білдірді Байқадам ауылының тұрғыны Тілеубек Қонысбаев.
Елдің сенгені ауыл әкімі болса, бар мәселені біле тұра, ешқандай шара қабылдамаған. Тек, кәсіпкерді ескертумен шектелген. Ал, Бұқар Жырау ауданы басшылары бұл орды тек бүгін ғана біліп отыр.
"Біз енді бір айттық, екі рет айттық.Одан кейін анау- мынау дегенше, қыс басталды. Көктем басталды, осындай жағдай болып қалды", - деп түсіндірді Көкпекті ауылдық округінің әкімі Айдын Досмақов.
Дегенімен, камера алдында қандай да бір мәлімет беруден бас тартқан кәсіпкер облыстық экология департаментінен ешқандай рұқсат алмаған болып шықты.
"Кәскіпкердің іс әрекеті заңсыз болып тұр. Өйткені ешқандай рұқсат қағаздар департаментке келіп түскен жоқ. Департамент қандай да бір қағаздар берген жоқ", - деді Облыстық экология департаментінің маманы Дархан Исжанов.
Ал, Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті өкілдері бұл жерде жергілікті билік шарасыздық танытқан деп отыр.
"Бұл заң бұзушылықтардың ішіндегі ірі заң бұзушыдық болып есептеледі. Қателік әкімшіліктен. Ол жерде ауылдың әкімшілігінің қателігі. Шарасыздық танытып отыр. Содан кейін әрине ол жергілікті атқарушы органдарға кім сенеді. Сөздің шыны керек", - дейді Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің инспекторы Серік Қапаров.
Қазір экология департаменті аталған орында тексеріс жүргізуде. Егер заң бұзушылық ресми дәледенсе, кәсіпкерге 30 айлық есептік көресткіш айыппұл қарастырылады. Ал, өлген малдың өтеуін тұрғындар тек сот арқылы өндіре алады.