Ауылдан қалаға көшушілер саны азаяр емес - сенатор

537

Сенатта "Өңір" депутаттық тобының ауылдық аумақтарды дамыту туралы отырысы өтіп жатыр.  

Ауылдан қалаға көшушілер саны азаяр емес - сенатор Фото: BAQ.KZ

"Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында" көрсетілген міндеттер толық әрі тиімді іске асырылған жағдайда ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, халықтың табысы көбейеді. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Сенат депутаты келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 6295 ауылдық елдімекен бар. Республика халқының 38,2%-ы ауылда тұрады. 

"Ауылдан қалаға көшушілер саны артпаса, азаяр емес. Ауылдық мектептерде білім алушылар контингенті төмендеу үстінде, ал халық тығыз орналасқан ауылдарда оқушы орындарының тапшылығы жыл санап өсуде. Бұдан бөлек сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы да өткір тұр. Демалыс орындарының, мәдениет және спорт объектілерінің жоқтығы, медициналық қызметтерге қолжетімділіктің сын көтермейтіндігі, инфрақұрылымның төмен деңгейінен іздеуге болады", - деді Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі.

Сенатордың сөзінше, ауылда малмен күнелткен жұрт "жүн мен теріні ешкім алмайды" деп аяққа таптап, қоқысқа тастап жатыр.

"Ал, сол жүн мен теріні өңдеумен айналысатын кәсіпорындарда тиісті шикізат жеткіліксіз, жүктемесі тым аз. Жеңіл өнеркәсіпте ең жиі қолданылатыны сиырдың терісінен 20 жұп аяқкиім тігіп шығаруға болады екен. Әр аяқ киімнің бағасын 15-20 мың теңге деп есептегенде, бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімін өндіруге болады. Елімізде жыл сайын шикі терінің 10-20 пайызы ғана сатылады. 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда, шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді. Бұл тек теріні тиімді пайдаланбау салдарынан жоғалтып жатқан табыстарға қатысты бір ғана мысал", - деп атап өтті Арман Өтеғұлов.

Бұдан бөлек өңірлердегі қатты тұрмыстық қалдық полигондарының қазіргі жағдайы экологияға айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатыр, деді спикер. 

"Жыл сайын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауы себебінен жердің тозуына, құнарлылығының төмендеуіне әкелетіні, оны пайдаланбау салдарынан жоғалтатын пайданың да көлемі аз еместігі айтпаса да түсінікті", - деді сенатор. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу