Ауылдарға 29 млн гектар жайылым жетіспейді

1322

Ақылбек Күрішбаевт бұл мәселені тез шешу керектігін айтты. 

Ауылдарға 29 млн гектар жайылым жетіспейді

Еліміздегі ауылдарға мал жаятын 29 млн гектар жер жетіспейді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев ауылдардағы ең өзекті мәселе жайылым тапшылығы екенін атап өтті.

"Статистикалық мәліметке сәйкес, ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Мал басының 60%-ы осында. Ауылдағы ағайынның күнкөрісі де осы малға байланысты. Өкінішке қарай бұл биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр. Мамандардың есебінше, біз тек қана мал азығының сапасын көтерсек, елді мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігі кем дегенде 30%-ға ұлғаяды. Сондықтан ауыл шаруашылығында пайдаланбай жатқан жерлерді елді мекендерге қайтару маңызды", - деді басшы елордада өткен Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында. 

Оның айтуынша, ауылдарға мал жаятын 29 млн гектар жер жетіспейді. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегі. Ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда 33 млн гектар жайылым игерілмей жатыр. 
"Сонымен қатар, ауылдардың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету өте маңызды. Ауылдарды қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін кооперативтер құрып, жаңа фермерлік шаруашылықтарды ұйымдастыруымыз қажет. Жұмыс тобында жайылым туралы заңды күшейту, қосалқы шаруашылық туралы арнайы заң қабылдау ұсыныстары айтылды", - деді Ақылбек Күрішбаев. 

Ол елімізде 185 млн гектар жайылым жері бола тұра, ауылдағы малды аш құрсақта қалдыру кешірілмейтін әрекет екенін айтып, бұл мәселене тез шешу керегін жеткізді.

"Мәселені шешу үшін барлық деңгейдегі әкімге саяси ерік пен табандылық керек. Тіпті, бұл жұмыс әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіші болуы керек деп санаймыз. Осы іске мемлекеттік аса маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз", - деді жұмыс тобының басшысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу