Ақтөбенің Қосестек ауылындағы мал азығын өртеген төртінші күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы М.Абисатов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде қасақана қойылған өрттен зардап шеккен Қосестек ауылының тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы оқиға басталған күні істі өз бақылауына алғанын жеткізді.
"Арнайы топ құрылып, жұмыс жасап жатыр. Оның құрамына прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Аудан әкімдігі мен демеушілер барлық зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетті. Осыған кінәлі жандар Қазақстанның заңнамасына сәйкес жазасын алатын болады. Сондай-ақ, жекелеген полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады", – деп сендірді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қосестектегі кездесуде полиция департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов төрт күдікті ұсталғанын баяндады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Кездесу соңында ауылдықтар көрсетілген материалдық көмек пен қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Қосестек ауылында белгісіз біреулер шөпті кезекпен өртеп, кейбіріне "кезек сенде" деп үшбу хат тастап кеткен болатын.
Кейін жергілікті әкімдік арнайы тергеу тобы құрылғанын мәлімдеп, зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Тергеу жұмыстары кезінде арнайы топ құрылып, ауылдағы 1500-ден астам тұрғынмен жұмыс жүргізілді. Тергеу нәтижесінде алдымен үш адам ұсталды.