Ауылға оптикалық желі тарту үшін 75 млрд теңге инвестиция тартылды

532

Енді үш мобильдік оператор бір құрылғы арқылы қызмет көрсете алады. 

Ауылға оптикалық желі тарту үшін 75 млрд теңге инвестиция тартылды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, пандемияға қарамастан елді мекендерді интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда. 

"Бүгінде еліміздегі 18,7 млн адам 6500-ге жуық елді мекенде тұрады. Олардың  4751-інде 3G, 4G, оптика-талшық және өзге де технологиялар бойынша интернет қосылған. Осылайша еліміздегі 17,5 млн адам интернетпен қамтылған", – деді министр. 

Бұл ретте Бағдат Мусин интернет сапасын арттыру мақсатында екі ауқымды жоба іске асырылатынын хабарлады. Оның біріншісі – ауылға оптика тарту. 

"Жоба аясында 1257 ауылға оптикалық желілер тарту көзделген және операторлардан 75 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл пандемияға қарамастан 944 ауылға оптика желілерін тарту жоспарланып отыр. Әзірге 835 елді мекенге оптика желілері жеткізілген, 3500 мемлекеттік нысанға – мектептер, ауруханалар, әкімдіктерге интернет тартылған", – деді министр. 

Оның сөзінше, интернет тартуда су мен газ тартумен тең қиындықтар бар. Мәселен, ауылға су тартылса, оны ауыл ішінде кіргізу – тағы бір мәселе. 
"Сол сияқты оптиканы да ауылға жеткіздік, ал ауыл ішіндегі үйлерге интернет жеткізу мәселесі басқа жоба аясында жүзеге асырылады. Осы жоба бойынша мобильдік операторлармен Sharing келісімшартына қол жеткізілді. Енді барлық үш мобильдік оператор үш құрылғы орнатпайды. Барлығы бір құрылғы арқылы қызмет көрсете алады", – деді министр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу