Австралиялық инвесторлар СҚО-дан минералдық құмды табуға ниетті

823

Австралиялық инвесторлар СҚО-дан минералдық құмды табуға ниетті

Австралиядағы "Илюка"- әлемдегі цирконийдің үштен бірін өндіретін алпауыт компания. Шетелдік кәсіпорын өкілдері Қазақстан жерінен минералдық құмды табарына сенімді. Оны терең өңдеп түсті металдарды ажыратып алуға болады. Мамандар металдарды жер астынан іздеу үшін өңіріміздің 6 ауданында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізбекші, деп хабарлайды mtrk.kz. 
"Мен жергілікті мұражайда болып, геологиялық карталарыңызбен таныстым. Соған қарап, өңірлеріңізде минералдық құм бар деп топшылап отырмын. Геологиялық барлау жұмыстарын алдымен Қостанай облысында, бір айдан кейін СҚО да бастауды жоспарлаудамыз. Тамыз айынның соңында бәрі белгілі болады", - деді "IIuka ExpIoration Kazakhstan" ЖШС бас директоры Энтони Торнтон.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешіп беруге көмектесетіндігін жеткізді. 
"Жеріміздің өнімділігі жоғары болғандықтан біз түсті металдарды жер астынан іздеу жұмыстарымен мақсатты түрде айналысқан жоқпыз. Өңірімізде әзірге ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді. Ал тау-кен саласы ақсап тұр. Болашақта экономиканы әртараптандырып, түрлі салада жұмыс орындарын көптеп ашу жоспарымызда бар. Облысты индустриалды-аграрлық аймаққа айналдыру керек. Біз сіздерге барлық қолайлы жағдайды жасап береміз. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз", - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл "Илюка" компаниясы жалпы тереңдігі 10 мың метр болатын барлау ұңғымасын бұрғыламақшы. 
"Жердің құнарлы қабатын қопарып тастағанын кейін, оны қайта қалпына келтіруді ұмытпаңыздар. Келешекте ол жер егін егуге жарамды болуы тиіс", - деді әкім.
Бұрғылау жұмыстары Айыртау, Есіл, Тайынша, Тимирязев, Шал ақын және Ғ.Мүсірепов аудандарында жүргізіледі. Келешекте облыс аумағында минералдық құмның үлкен қоры табылса, шикізатты өңдейтін зауыт тұрғызылмақ. Минералдық құмды терең өңдеп, одан церконий, рутил, ильменит, және титан диоксидін алуға болады. Соңғыларын ағартқыш ұнтақтарға қосады екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу