Автотұрақты жеке гаражы секілді пайдаланып жүр

680

Автотұрақты жеке гаражы секілді пайдаланып жүр

Қазіргі уақытта Астанада ақылы автотұрақтар пайда бола бастады. Қанатқақты жоба тестілік режимде болғандықтан әзірге ақы алынбайды. "Астананың автотұрақ кеңістігін басқару" жобасының бірінші кезеңі 19 шілдеде "Нұржол" бульварында тестілік режимде іске асырыла бастады, деп хабарлайды elorda.info.

Келешекте автотұрақ бағасы сағатына 100 теңге болады. Алайда жаңашылдық қоғамда түрлі пікір туындатып отыр. Сондықтан қалалық әімшілік мұндай ақылы автотұрақтардың қаншалықты қажет екенін анықтау үшін арнайы мониторинг жүргізген.

Ресми деректерге сүйенсек Астанада 350 мың автокөлік тіркелген. Бұл көрсеткіш күніне 6-8 пайызға артып отырады. Сөз жоқ бұл проблема жолдардағы көлік қозғалысын одан сайын қиындатпаса жеңілдетпейді.

PriceWaterHouseCoopers ұйымының халықаралық консультанттары Түркістан, Достық, Орынбор көшелері мен Нұржол бульварындағы тұрғын үй кешендері мен паркингтерінің сыйымдылығына сараптама жасап көрген. Мониторинг таңғы сағат 07: 00 мен түнгі 02: 00 аралығында ақылы автотұрақ енгізудің бірінші кезеңі жоспарланған Нұржол бульварында жүргізілген. Нәтижесінде күні бойы бұл аумақта орта есепен 600 автокөлік тұрақтайтыны, оның 238-і автотұрақ ережесін бұзатыны анықталды. Әрбір екінші жүргізуші көлігін қалай болса, солай қалдырып кете барған.

Халықаралық зерттеулер көрсеткендей дамыған мегаполистердің ешқайсысында Астанадағыдай автотұрақ заңдылығы бұзылмайды екен. Мұндай жағдайда кей елдер айтарлықтай айыппұл салады немесе ереже бұзған жүргізушінің көлігін тиеп әкетеді. Шара қолдану жүргізушілерді жөнге келтіреді, жайлылық деңгейін арттырады, өзге де көлік иелерінің еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Сол, секілді зерттеу нәтижесі көрсеткендей, автокөлік иелерінің 80 пайызы Нұржол бульварына машиналарын 8-9 сағатқа қояды екен. Бір сөзбен айтқанда 380 автокөлік күні бойы көше бойындағы автотұрақтан орын алып, құры тұрады.

Демек, кейбір көлік иелері машинасын 1-2 сағатқа қоя тұратын жер таппай отырғанда, басқалары автотұрақты жеке гаражы сияқты пайдаланып жүр.

Әлеуметтік сауалнама қорытындысына сенсек, жауап бергендердің 50 пайызы көлігін қоятын жер болмағандықтан кездесуін кейінге шегеруге мәжбүр болады екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу