Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстанға көңіл айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әзербайжан СІМ X әлеуметтік желісінде жазба жариялады.
"Каспий теңізіндегі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қайғылы түрде опат болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Біз қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, бауырлас Қазақстан халқына, Үкіметіне қайғырып көңіл айтамыз. Алла Тағала марқұмдардың жанын жәннатта етіп, отбасыларына бұл ауыр сәтте күш-қуат мен сабыр берсін. Жоғалғандардың аман-есен табылуына үміттенеміз және зардап шеккен әскери қызметшінің тезірек сауығып кетуін тілейміз", – делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұған дейін Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын жазғанбыз. Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.