Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, бұл мәселеде коммуникацияны дұрыс жолға қою қажеттілігі ғана болған.
"Жағдай бақылаудан шығып кетті. Өйткені әкім балаларды сол күні сондай түрде шығарады деп күтпегенін айтты. Әрине, бұл жергілікті атқарушы органның жауапкершілігі. Мұндайға жол берілмеуі керек еді. Біз тиісті лауазымды тұлғалардың әрекеті олардың құзыреті шегінен шығып кетті деп санаймыз. Екінші жағынан бұл мәселе жан-жақты талдауды қажет етеді. Бұл балалар Алматы қаласының тұрғындары емес екенін түсіну керек. Олар бүкіл облыстан жиналған", – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Ермек Көшербаев заңнамаға сәйкес бюджет Алматы облысынан бөлінетінін атап өтті.
"Мәселені көктемнен немесе жағдай басталған уақыттан бастап шешу керек еді", – деді.
Вице-премьер Қонаевтағы балалар үйін өз көзімен көргенін жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін Президент тапсырмасымен Бағанашылдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтінін жазған едік. Министр шу шыққан Бағанашылдағы балалар үйіне барады. Жауапты тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс басталды.
Президент әкімшілігінің комиссиясы Бағанашылдағы балалар үйін тексеріп жатыр.