Даңқты спортшы бұған дейін Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасын басқарған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының жаңа басшысы болып Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлы тағайындалып отыр.
Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін "Құқықтану", "Менеджмент", Қазақ спорт және туризм академиясын "Дене шынықтыру және спорт", ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандықтары бойынша бітірген. "Құқықтану", "Дене шынықтыру және спорт" магистрі.
Еңбек жолын 2004 жылы "Тараз газ шаруашылығы басқармасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары.
2013-2021 жылдары "Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубы" корпоротивтік қорынының президенті, "Тарлан батырлары" ЖШС директоры, "Астана Арланс" ЖШС бас менеджері. 2021-2022 жылдары "Қазақстан бокс федерациясы" қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы қызметтерін атқарған.
Елімізде спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі "Барыс" орденімен наградталған.
Ол – 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында ел қоржынына алтын салған спортшы, Вэл Баркер Кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы.
Бұған дейін Қызылорданың спорт басқармасын Бахтияр Артаевтың басқаруы мүмкін екенін жазған едік.