Қызылорданың спорт басқармасын Бахтияр Артаев басқаруы мүмкін

Олимпиада чемпионынан бөлек 3 адамның кандидатурасы ұсынылып отыр. 

Қызылорданың спорт басқармасын Бахтияр Артаев басқаруы мүмкін Фото: Қазақстан бокс федерациясы

ҚР Туризм және спорт министрлігі Қызылорда облысының спорт басқармасы басшысын тағайындау бойынша комиссия отырысын өткізген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өңірлік спорт басқармаларының басшысын тағайындау бойынша комиссияның кезекті отырысы өткен. Онда Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығына ұсынылған төрт үміткердің кандидатурасы қарастырылған.

Басшылыққа Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығына бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бахтияр Артаевтың, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жігер Айекешовтың, "Қайсар" футбол клубының директоры Садық Мұстафаевтың және Астана қаласы әкімдігінің "Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған "Елорда" спорт клубы" КММ басшысы Азамат Тагаевтың кандидатурасы ұсынылған. 

Кандидаттарды жергілікті атқарушы орган ұсынады, ал тағайындау тек Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның оң қорытындысын алған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Еске салайық, бұған дейін тағы бір Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болатынын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу