Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады

629

2023 жылы миллионерлердің табысы 3 трлн доллардан асқан.

Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады Фото: Inbusiness.kz

2020 жылдан бері әлемнің ең бай адамдарының дәулеті екі есе өскен. Бұл қатарда Илон Маск, Бернар Арно, Джефф Безос, Ларри Эллисон және Марк Цукерберг сынды алпауыттар бар. Ал, дәл сол уақытта бес миллиардқа жуық халық кедейлене түскен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Oxfam ұйымы жүргізген зерттеудің нәтижесі әлем жұртшылығын толғандырып отыр. 2023 жылы миллионерлердің табысы 3 трлн доллардан асқан. Зерттеу олардың кірісі инфляциядан үш есе жылдам өскенін көрсетіп отыр. Мамандар осылай кете берсе бай мен кедейдің арасы алшақтай береді. Нәтижесінде алдағы он жылдықта алғашқы триллионерлер де пайда болады деген пікірде. Бұған нарық заңы себеп.

"Байлар неге байиды? Өйткені олар біреуге жұмыс істеп жүрген жоқ. Өздерінің жұмысын істейді. Және олардың тірліктері көбіне бірнеше саладан тұрады. Бірінші сала өздерінің жеке бизнестері. Екінші сала олардың жеке инвестициялары. Мысалы, инвесторларды атап айтсақ. Ең танымал инвестор Уоррен Баффет ең бай ондықта әрдайым тұрады. Ал, одан басқа адамдарды алсақ, мысалы сол ондықтағы басқа тоғыз адамды. Олар жеке кәсіпкерлер",- дейді қаржы сарапшысы Батырхан Елемесов.

Маман сөзіне статистика да дәлел бола алады. Мәселен, әлемдегі 800 млн қызметкердің жалақысы инфляция қарқынынан қалып қойған. Яғни, олардың қаржылық жағдайы жыл өткен сайын қиындап келеді деген сөз.

"Америкадағы үлкен капитал иесі өз қаражатын үлкен инвестиция жасап, тез дивидендін алып байиды. Кедей адамның кедейленетін себебі ол жақта инфляция кейінгі кезде жоғары болып кетті. Сондықтан оның табысы қатты көтерілмейді. Кедейлене беретіні сол. Бірақ кейбір елдерде, мысалы бізде, осындай объективті себеп бар, біріншіден. Екінші қосымша жанама бір кемшілік себебіміз бар. Ол жаңа шығармашылық немесе өндірістік әлеуетті пайдалануға мүмкіндіктің жоқтығы", - дейді нарық сарапшысы Бауыржан Мұқанов.

Бірақ, баршаға бірдей мүмкіндік берілген бір сала бар. Ол  қор нарығы. Бағалы қағаздарға қаражат құю арқылы капиталды сақтап қана қоймай, пайда да табуға болады. Бірақ мамандар биржаға көзді жұмып қойып кетуге болмайтынын ескертеді. Ол үшін арнайы дайындық керек.

"Қор нарығында жұмыс істеу үшін бұл жерде спецификалық білім керек. Бұл жерде психология жағынан да білім керек. Адам кішкене өзі тұрақты, ересек болуы керек. Ол жерде эмоция жағынан. Өйткені,  адамдар көбінесе эмоцияның артынан жүріп, қорыққаннан, шошығаннан сатып жібереді немесе сатып алып қояды. Өз-өздерін ұстай алмайды, мысалы. Бақылау жасай алмайды. Техникалық, нақты білім керек ол жерге. Талдай білу керек. Жаңалықтарды өзіңнен өткізіп, оларды жаңағы керегін, керек емесін, нарыққа қайсы әсер етеді, қайсы әсер етпейді. Оны да талдай білу керек. Компанияның да жағдайын қарап, саланы, мемлекетті бәрін қарап, кішкене экономист болу керек қой бұл жерде", - дейді Jusan Invest брокерлік компаниясының департамент вице-президенті Әйгерім Молдабекова.

Сондықтан мамандар қор нарығына жаңа келген адамдарға ірі компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алуға кеңес береді. Өйткені, оларға дағдарыс қатты әсер етпейді. Құны төмендеген күннің өзінде көп ұзамай қалпына келеді. Ал, тәуекелі жоғары компаниялардың қағаздары бір күнде қымбаттап немесе арзандап кетуі мүмкін. Тәжірибесіз инвестор бұл өзгерістерге дайын болмауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу