Қызылорда облысы Байкенже ауылындағы ескі мектеп мәселесі "Nur Otan" партиясының облыстық филиалында талқылауға түсті. Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуына қарағанда, жаңа мектеп салу жайлы тұрғындардың талабы басқарманың міндеті мен жоспарына кірмей қалған секілді.
"Негізгі мектеп болған бұрын. Класта орын саны тапшы, көп бала отыруға санитарлық нормалар сәйкес келмейді. Сондықтан көне мектепте бастауыштың 57 баласы білім алып отыр. Тұрғындар сол жерге мектеп салып беріңіздер дейді. Біз нормалардың барлығын қарап отырып техникалық паспортты қайта қарастырдық. Ол мектеп 100 орындық мектеп екені анықталып, барлық құжаттары қайта сәйкестендірілді. Қазіргі таңда жалпылама жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ауыл халқының талабы сол мектептің орнына басқа мектеп салып беріңдер дейді. Негізінде ауылда сүйегі мықты мектеп бар", – дейді басқарма басшысы.
Бұл ауылдың балалары сабаққа бару үшін 3 шақырым жол жүреді, сондай-ақ жол ортада каналдан өтуге мәжбүр. Жиында оқушыларды мектепке тасымалдау жайлы ұсыныс та айтылды.
"Бұл мәселелерді біз хаттаманың ішінде көрсетеміз. Тамыз айының 25-не дейін нақты бір жұмыс жоспарларын тиісті мекемелер мен ұжымдар хабарлайды. Қорытындысы бойынша жаңа оқу жылының алдында ауылға барып халықпен кездесіп, пікір алмасып қайтамыз. Біздің ұсынысымыз, арнайы автобус жасаса сол тұрғындарға. Оқушыларды мектепке уақытылы апарып келу, тасымалдау жұмысын ұйымдастырса деген ұсыныс білдірдік", – деді партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева.
Нұрбек Дәуренбеков