"Бар судың өзін ысырап етіп отырмыз": Депутат дабыл қақты

377

Елдегі су каналдарының жартысынан астамы әбден тозып кеткен, салдарынан 60 пайыз су құрдымға кетіп жатыр. 

"Бар судың өзін ысырап етіп отырмыз": Депутат дабыл қақты Фото: www.uavgusta.net

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің су ресурстарын басқару мәселелеріне қатысты жолдаған депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дабыл қағатын уақыт келді. Мысалы, 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 пайызға азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл өте қауіпті. Екіншіден, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады", - деді мәжілісмен.

Депутат бұл мәселе әлі күнге шешімін таппағанын жеткізді.

"Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ, бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді", - деді ол.

Бақытжан Базарбектің дерегінше, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте болса, 895-і коммуналдық меншікте, 228-і жеке меншікте, ал 22-сі иесіз.

"Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалып отыр. Ал жекелеген фактілер бойынша, мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай кемінде 5-6 облыста кездесетін жай", - деп атап өтті спикер.

Халық қалаулысы еліміздегі осындай нысандарды мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынып отыр.

"Мысалы, плотиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады екен. Ал бұлардың жай-күйі қандай, қаншасының тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті",  - деді Бақытжан Базарбек.

Депутат жеке меншікке өтіп кеткен су қоймаларын, дамбаларды және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтаруды ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу