"Барыс" хоккейшілерінің жалақысы депутатты таңғалдырды

Еліміздегі легионерлердің жалақысы құпия. Бірақ, шамадан тыс көп екенін бәрі біледі. 

"Барыс" хоккейшілерінің жалақысы депутатты таңғалдырды Фото: Мәжіліс

Бұған дейін депутаттық сауалында Дархан Қыдырәлі "жауаптылар легионерлердің жалақысын кімнен, неге жасырады?" деп сұрақ қойған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ал, бүгін мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Барыс" хоккей клубының қос ойыншысы Эдвард Паскуале мен Алекс Гранттың жалақысын естігенде таңғалғанын айтты. 

– Қазақстанға келген легионерлер миллиондаған теңгелік келісімшартқа қол қояды. Алайда олардың нәтижесі мұндай қаржыны ақтамайды және көпшіліктің көңілінен шықпайды. Бір мысал – "Барыс" хоккей клубы (2023-2024 маусымы) ойыншыларының жалақысы. Бұл бізді де, тұрғындарды да таңғалдырады. Канадалық хоккейшілер Эдвард Паскуале мен Алекс Грант сыйақыны есептемегенде 323 және 288 миллион теңге жалақы алды. Мұның бәрі – біздің бюджет қаражаты, – деді ол.

Өз кезегінде министр Ербол Мырзабосынов жаңа заң жобасы арқылы шетелдік спортшыларға бюджеттен ақша төленбейтінін, яғни тыйым салынатынын жеткізді. Үнемделген қаржы Президент Жолдауында айтқандай балалар спортына бөлінбек. 

Бұған дейін "Астана" футбол клубы" жеке клубының ақпаратына сәйкес, "Самрұқ-Қазына" АҚ тарапынан легионерлерге 2020 жылы 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы 2 168 352 776 теңге қаражат бөлінгені белгілі болған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу