Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова референдумды өткізу кезінде вирустық инфекциялардың алдын алу туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері Covid-19-дың 1676 жағдайы тіркелді. Өлім-жітім жағдайлары жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 есе аз. Қыркүйекте Covid-19-дың 252 жағдайы тіркелді. Бұл былтырғы қыркүйекке қарағанда екі есе төмен", – деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова.
Сөзінше, ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық маусым басталды.
"Қыркүйек айында республикада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 544 мың жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 27 пайызға төмен. Бүгінде тұмау жағдайлары тіркелген жоқ", – деп жалғастырды Сархат Бейсенова.
Айта кету керек, осыған дейін 200 шетелдік журналист референдум туралы ақпарат тарататынын жазған болатынбыз.