Бұған таңқалудың да қажеті жоқ. Өйткені, жалақы өспей жатыр, ал баға шарықтап барады. Баспана құнының аспандауына әсер еткен факторлар көп. Ресейге қарсы санкциялық соғыс, құрылыс материалдарының тапшылығы, нарықтағы дүрбелең.
Болашаққа болжам жасамас бұрын, өткенді бір шолып өтсек. Тоқетері мынау: 2022-де баспана әжептәуір қымбаттады. Жаңасы да, ескісі де, тіпті жалға берілетіні де. Ұлттық статистика бюросы бүй дейді: Жаңадан салынған үй бағасы 17 пайызға өскен. Қайталама нарықтағы пәтерлер 27 пайызға қымбаттады. Жалдау ақысы болса бақандай 48 пайызға шарықтап кетті.
Мәселен, бір жыл бұрын Ақтөбеде бір бөлмелі пәтерді 9,5 млн теңгеге алуға болатын. Қазір 12 млнға әрең табасың. Бұл крыша кз сайтының есебі. Алматыда 2 бөлмелі баспананың орташа құны 35 млн теңгеге жеткен. Астанада 26 млн-нан асып кетті. Семей, Қостанай, Павлодар, Шымкент шаһарларында пәтерлер орта есеппен 2-3 млнға қымбаттаған. Талдықорғанда ғана арзандапты. Оның өзінде болар-болмас, 2,5 процентке. Ал қоян жылы не күтіп тұр? Бұл жерде бәрі сұранысқа байналысты. Жаңа пәтерлер қымбаттай беретін болса, ескі пәтерлерге деген сұраныс та артады. Ал сұраныстың артуы бағаның өсуіне әкеп соғады.
"Баспана нарығындағы жалпы көңіл күй бастапқы нарықтағы жағдайға тікелей байланысты. Сондықтан, ескі үйлер арзандайды дегенге өз басым сенбеймін. Менің болжамым мынадай: келер жылы қайталама нарықтағы баспана кем дегенде 5 пайызға қымбаттайды. Бағаның кұрт шарықтауы, дүрбелең болмауы тиіс. Бірақ, бір рет көтерілген баға қайта түседі деп босқа үміттенудің қажеті жоқ", дейді Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Диляра Сүлейменова.
Ал жаңадан салынған үйлердегі пәтер бағасы 2023-те де өсе береді деп сарапшылар бір ауыздан болжап отыр. Өйткені, құрылыс материалдары әлі де тапшы әрі қымбат. Шаш етектен шығынға батып жатқан құрылыс компаниялары сол шығындарын баға есебінен өтейтін болады. Бұл жерде билік құрылыс нарығына қаржы құюы керек,- дейді салалық қауымдастық төрағасы.
"Енді жалға берілетін пәтер нарығына тоқталсақ. Күзде, мобилизациядан қашқан 400 мың ресейлік біздің елге ағылғанда, не сұмдықтың болғаны есте. Қазір, аренда құны тұрақты. Алайда, келер жылы арзандайды деуге еш негіз жоқ. Бұл жерде бәрі түсінікті. Жалға алушылармен қатар жалға берушілерге де күн көру керек. Елді қымбатшылық қыспаққа алғанда, олар да пәтерақыны көтеруге мәжбүр болады. Екінші себеп қарапайым пайдақұмарлық", деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Жағымды жаңалықтардың бірі - "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы жалғасатын болды. Баяғыша, несие 20 пайыздық бастапқы жарнамен, жылдық 7% мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі жылы бағдарламаға қосымша 100 млрд теңге бағытталмақ. Ал Тоқаев "7-20-25"-ті 2029-ға дейін ұзартуды тапсырды, яғни алдағы 7 жылда жоба жабылып, ипотека беру тоқтатылады деуге негіз жоқ. Тек баспананың жыл сайын қымбаттап бара жатқанын ескерсек, жаңағы 100 млрд теңге теңіздегі тамшға тең. Яғни, бағдарлама жалғасын тапқанымен, лимит тез таусылып, қаражат баспаналы болғысы келетіндердің бәріне жетпей қалуы бек мүмкін.
Саят Ермек