Баспананы бұзуға қарсы тұрғындар шу шығарды

270

Әкімдіктің пәтер үшін ұсынған баға көңілден шықпаған.

Баспананы бұзуға қарсы тұрғындар шу шығарды Фото: Inbusiness.kz

Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары баспанасын бұзуға қарсылық танытып, шу шығарды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Себебі әкімдіктің пәтер үшін ұсынған баға көңілден шықпаған. Шенділер: "3 бөлмелі үйдің өзіне 8 млн теңге жеткілікті" деп есептейді. "Бағаны тәуелсіз бағалаушылар бекітті", дейді. Ал тұрғынүй иелері бұл шешіммен мүлдем келіспейді. Жауаптылардан проблеманы біржақты етуін талап етіп отыр.

Құлсары қаласының қақ ортасындағы үш баспана қолданысқа 70 жылдары берілген. Қазір мұнда 36 отбасы паналайды. Биыл сәуірде әкімдік ғимаратты бұзып тастап, жерін мемлекет мұқтажына аламыз деген қаулы шығарыпты. Бірақ бұқара бұл шешімге түбегейлі қарсы.

"Олардың бағалауы бойынша 3 бөлмелі пәтер 8 млн, 1 бөлмелі пәтер 5 млн ғана беріп отыр қарапайым халыққа. Құлсарыда ондай үй жоқ деп түсіндіріп айтып отырмыз. "Бізге тимеңдер, біз тынышымен өмір сүріп жатырмыз, сендерден ештеңе сұрап жатқан жоқпыз" десек, олар "жоқ, мәжбүрлі түрде сендер шығарыласыңдар" деп отыр", - дейді қала тұрғыны Зубаржат Нигматуллина.

Шенділердің берген бағасы жиылғандардың басқа пәтер сатып алуына жетпейтін көрінеді. Несие алуға да шамамыз жоқ деп отыр. Наразы топ үйлерін тастап кетуге оңайлықпен келіспейтіндерін ашық айтты.

"Мысалы мен 5 баламмен сонау шағынауданның қуықтай 2 бөлмесіне барып тұра алмаймын. Ештеңемен де келіспейміз. Бізге дұрыс бағасын жасап, нарықтық бағамен немесе ақшасын берсін, болмаса өзіміздің тұрып жатқан үй сияқты екі-үш бөлмелі жаңа үй берсін", - дейді қала тұрғыны Айжан Ерденқызы.

Жауаптылар бұқарадан жырып алатын жер әкімдікке ауадай керек дейді. Бірақ ол аумаққа әлеуметтік маңызы бар мектеп не аурухана емес, саябақ пен аллея салмақшы.

"Біздер бағалаушы компания бекіткен бағаны ғана төлеуге құқымыз бар. Себебі одан артық төлей алмаймыз. Егер де олар сот арқылы тәуелсіз сарапшы маманды қайта жіберіп, сараптап, бағасын көтерген жағдайда біз сот шешімімен ғана төлем жүргізе аламыз",- дейді Атырау облысы Жылыой аудандық тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян Басилов.

Қазір бір ғана Жылыой ауданында 2347 адам баспанаға мұқтаж. Кезек күтіп жүргендер алдағы 1-2 жылда да қоныс тойын тойламайды. Себебі орталықта салынып жатқан тұрғын үй жоқ. Ал, сатылымда тұрған 1 бөлмелі пәтердің нарықтағы құны 7-8 млн теңгеден кем емес. Жылыой ауданының жұртына енді сотқа жүгінуден басқа амал жоқ сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу