Таэквондодан лицензиялық турнирге қатысатын екі спортшы белгілі болды

616

Таэквондодан Қазақстан командасы Алматы облысындағы "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 

Таэквондодан лицензиялық турнирге қатысатын екі спортшы белгілі болды

Бейрутте (Ливан) өтуге тиіс Азия чемпионаты мен Қытайда ұйымдастырылатын лицензиялық турнир кейінге шегерілген соң, команда жоспарына біраз өзгеріс енген. Бұл туралы таеквондодан ұлттық құраманың аға бапкері Батырбек Есдәулетов мәлімдеді, деп хабарлайды Olympic.kz. 

"Бүгінде біз "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығында дайындық үстіндеміз. Ал негізінде Оңтүстік Кореяда бірлескен жаттығу жиынына аттануымыз керек еді. Әлемді үрейлендірген коронавирусқа байланысты Кореяға бармадық. Өйткені, біз дайындалатын таеквондо орталықтары шетелдіктердің келуіне тыйым салған. Ливанның Бейрут қаласында өтетін Азия біріншілігі де, сәуір айында өтуге тиіс лицензиялық турнир де белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Сол себепті, біз Бельгияда өтетін G2 санатындағы турнирге қатысамыз деп шештік. Аталған рейтингілік турнирге қатысушылар саны мыңнан асады. Әлем үздіктері де жиналады. Сондықтан, лицензиялық турнир қарсаңында спортшыларымыз тәжірибе жинап, бабын жоғалтпауы үшін бұл жарыс керек. Ал біз лицензиялық турнирдің қайда және қашан өтетіні барлық Азия мемлекеттері секілді күтудеміз. Ереже бойынша, төрт салмақ бойынша спортшылар апарамыз. Әзірге оның екеуі белгілі. Аса ауыр салмақта әйелдер арасынан Жансель Дениз, ерлер арасынан Руслан Жапаров жолдамаға таласады. Қалған екі спортшыны Бельгиядағы жарыстан соң анықтаймыз", – дейді аға жаттықтырушы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу