Батыс Қазақстан облысында 3 жасөспірім суға батып кетті

653

Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған аумақта болған.  

Батыс Қазақстан облысында 3 жасөспірім суға батып кетті Фото: weacom.ru

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында үш жасөспірім суға батып көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 9 маусым күні кешкі уақытта Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде болған. Аудандық полиция бөлімінен түскен хабарламаға сәйкес, 2009 жылы туған екі жасөспірім мен 2008 жылы туған бір жас азамат арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға арналмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткен.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгісі орнатылған.

– Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың күшімен судан шығарылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталу үстінде. ТЖМ арнайы жабдықталмаған және шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін еске салады. Су айдындарында тек ресми түрде рұқсат етілген орындарды таңдау қажет. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау маңызды, – деп хабарлады ведомстводан.

Белгілі болғандай, көз жұмған үш жасөспірім де биыл мектеп бітірген түлектер болған.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу