Батыс Қазақстан облысында Теректі ауданына қарасты Подстепное кентінде мектеп автобусы апатқа ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 31 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Подстепное кентінде маршруттық және мектеп автобустарының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Самара – Шымкент республикалық автожолымен келе жатқан маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысып, салдарынан соңғысы инерциямен алда тұрған автокөлікке соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер тіркелді, олардың ішінде балалар да бар. Қаза болғандар жоқ. Барлығына медициналық көмек көрсетілді", – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Барлық мән-жай анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетіні айтылды.