Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында мопед пен мотоцикл соқтығысып, жасөспірім көз жұмды, тағы үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 маусым күні сағат 03.30-да аудан орталығы Переметный ауылында болды.
Alpha Samurai мопедінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, мотоциклмен бетпе-бет түйіскен. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, "Москвичи" жанар-жағар май құю стансасы маңынан шақырту түскен.
"2006, 2007 және 2008 жылғы екі жасөспірім түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілген. Медицина қызметкерлерінің қатысуымен олар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Ауыр жағдайда түскен 2006 жылғы жасөспірім 22 маусым күні қайтыс болды. 2007 және 2008 жылғы жасөспірімдерге амбулаториялық ем тағайындалды. 2008 жылғы жасөспірімге ота жасалды, жағдайы орташа ауыр, травматология бөлімшесінде емделуде", - деп хабарлады ведомстводан.