Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Инфляция болжамдық траекториямен қалыптасуда. Тұтыну бағаларының айлық өсуі баяулап, былтыр желтоқсан айында 1,2%-ды құрады. Еске сала кетейін, айлық инфляция қыркүйекте – 1,8%-ды, қазанда – 1,6%-ды, қарашада – 1,4%-ды құраған. Бірақ айлық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда - 0,7%), жоғары күйінде қалды", – деді Ұлттық банк төрағасы.
2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляция 20,3%-ды құрады. Азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтердің инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі және реттелетін бағалардың баяу өсуі әсер етті.
"Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2%-ды құрады", – деді бас банк басшысы.