СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов жұмыс бабымен ҚХР-дің Хубэй провинциясында болды, деп хабарлайды СҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ухань қаласында өңiр басшысы жергiлiктi компаниялардың басшыларымен келiссөздер өткiздi. Азық-түлiк өнiмдерiн импортқа шығаратын iрi сауда желiлерiмен де кездесу ұйымдастырылды. Облыс экономикасына инвестиция құюға құлық танытқан Бейжiң қаласы мен Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Шэнси провинцияларынан келген кәсiпорындардың өкiлдерi де кездесуге қатысты. Келiссөздер барысында СҚО-ның инвестициялық мүмкiндiктерi айтылды. Өңiр басшысы қытайлық бизнесмендердi бiрлескен жобаларды жүзеге асыру үшiн Солтүстiк Қазақстан өңiрiне шақырды. Жуық арада Бейжiңде өзара ынтымақтастық мәселелерiн шұғыл шешуге арналған СҚО-ның кеңсесі ашылады.
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодунмен де кездестi.
"СҚО-мен ынтымақтастықты одан әрi дамытуда үлкен қадам жасап отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп, инфрақұрылым құрылысы, машина жасау, қайта өңдеу және туризм бағытында iскерлiк ынтымақтастығымызды одан әрi тереңдете түсемiз. Кәсiпорындар мен бизнес өкiлдерiне байланысты нығайту үшiн барын жасаймыз", — дедi Ван Сяодун.
Кездесу соңында СҚО әкiмдiгi мен Хубэй провинциясының халық үкiметi арасында ынтымақтастық жөнiндегi меморандумға қол қойылды.
Шиян қаласында облыс әкiмi қала басшысы Занг Вейгуомен кездестi. Жиында екi жақты ынтымақтастық мәселелерi талқыланды. Облыс әкiмi "Dongfeng Motor Corporation" iрi зауытын да аралады. Бұл кәсiпорын автомобиль жасаумен айналысады.