Бекіре балығын өсіруге не кедергі?

404

Маңғыстау облысындағы жағалау сызығының ұзындығы 1350 шақырым.

Бекіре балығын өсіруге не кедергі? Фото: inbusiness.kz

Маңғыстаулық балықшыларда мәселе көп. Алдымен кадр тапшылығы. Мұнда барлығы мұнай саласына барғысы келеді. Соның салдарынан Каспий жағасында балық шаруашылығы ақсап тұр. Біле білген адамға балық кәсіпшілігінен де мол қаражат табуға болады екен.

Амангелді Бексариев балық шаруашылығына жастайынан қызығушылық танытқан. 4 ай бұрын Атыраудан бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын алып, Маңғыстауда өсіруді мақсат етті.

"Қарақия ауданының Құрық ауылында Сарша жерінде шаруашылықты бастап жатқан жайым бар. Балықтар тұщы судан Каспийдің суына бейімделе ме деп тексеруге 100 данасын әкелдім. Адаптациядан өтіп, жағдайлары жақсы. Осы балықтарды, әрі қарай көп білуге ынтам бар",- дейді ол.

Бірақ маңғыстаулық балықшылардың білгенінен білмейтіні әлі көп.  Бұл жүйенің тілін меңгерген білікті мамандар тапшы. Білімнің жеткіліксіздігінен өңірдегі 800-ден астам балықшы мемлекеттен бірілетін субсидияға қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан да 30 жылдық тәжірибесі бар балықшы Ахат Ниматов әріптестерін үш күн оқытуға келді.

"Гранттар балық шаруашылығы мамандықтарына бөлініп жатыр, жастар оқығысы келмейді. Көп грант кері қайтарылды, өкінішті жағдай. Бәрі мұнай мен ІТ саласында жұмыс істегісі келеді. Біз семинарлар, курстар ұйымдастырып, институттардың жанынан қысқа курстар ашып маман дайындауымыз керек. Кадрсыз балық шаруашылығы дамымайды",- деп атап өтті Ахат Ниматов.   

Тағы бір мәселе, отандық шабақтарды кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Болмаса, Ресей, Украина, Беларусь елінен тасыған өнімдер қымбатқа шығып тұр.  Маңғыстауда Каспий теңізінен 100 мың тонна балық өндіру жоспарланды. Енді Каспий теңізінің потенциалын, балық өсіруге қолайлы климаттық жағдайын пайдалану ғана қалып тұр. 

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаевтың айтуынша, 2021-30 жылдарға арналған балық өсіруге арналған Үкімет қаулысы бар. Бұл соның арқасында болып жатқан ауқымды шаралар. Облыста 169  бригада бар. Олардың штатындағы 811 балықшыны үйрету керек боп тұр. Атырау мен Алматыдан шақырылған тренерлер үш күнде көп мағлұмат береді.

Маңғыстау облысындағы жағалау сызығының ұзындығы 1350 шақырым.  Балық аулауға арналған 33 аймақ Түпқараған мен Қарақияда аудандарында орналасқан. 169 балық аулау бригадасында 811 балықшы қызмет атқаруда. Оларға балық үш жылда уылдырық бере бастайтыны үйретілді. Демек, балық кәсіпшілігінен де мол қаржы тауып, шығынды өтеуге болатыны айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу