Билік Трамптың жаңа әкімшілігіне ақырындап беріледі – Помпео

893

Мемлекеттік хатшы дауыстарды санау процесінің аяқталмағанын еске салды.

Билік Трамптың жаңа әкімшілігіне ақырындап беріледі – Помпео

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Джозеф Байденді құттықтаған бірқатар мемлекет басшысына былай деді: 

"Алда көп жұмыс атқарылуы керек. Әлі дауыстардың толықтай саналмағанын еске саламыз", – дей келе, заңды процестің толықтай сақталғанына көз жеткізу керектігін алға тартты.

Ресей президенті Владимир Путин Байденді құттықтаған жоқ. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Кремль сайлау қорытындысының ресми түрде жариялануын күтпек. Құттықтамағандардың қатарында Қытай басшысы Си Цзиньпин, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған бар. 

Журналистердің Джозеф Байденге билікті тапсыру туралы қойған сұрағына Помпео "билік Трамптың екінші әкімшілігіне ақырындап берілетінін" мәлім етті. Дегенмен ол АҚШ президенті кім болса да, биліктің келесі мемлекет басшысына берілуін қамтамасыз етуге уәде берді. 

Еске сала кетсек, Құрама Штаттарда 3 қараша күні президенттік сайлау өткен еді. Бірнеше штатта сайлау қорытындысы әлі жарияланбады. Трамп саяси додада өзінің жеңіске жеткенін айтып, демократтарды дауыстарды ұрлады деп айыптады. Оның штабы енді дауыстарды қайта санауды талап етпек. 

Бірқатар америкалық басылымдардың (CNN, AP) алдын ала есебі бойынша, сайлауда Байден басым түсіп отыр. 

Сайланған президент қызметіне 2021 жылдың 20 қаңтарында кірісуге тиіс.

Тағы бір жайт, Мемлекеттік департамент қазір Байденнің командасымен ешқандай байланыс жасап отырған жоқ. Оның үстіне барлық мемлекеттік агенттіктерге өздеріне белгіленген бюджетпен жұмыс атқара беруге пәрмен берілді. Яғни Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі Трамп қайтадан сайланғандай жағдайда жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Табиғат Нұрболат

Фото: apnews.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу