"Бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер": Депутат вице-министрдің жауабын сынады

419

Орман шаруашылықтарында ұялы телефон мен интернетті қалыптастыру бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.

"Бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер": Депутат вице-министрдің жауабын сынады Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров орманшылар үшін ұялы байланыс пен интернетке қолжетімділік мәселелерін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Абай облысында өрт болған кезде орманшылар сол жерде ұялы телефонның істемейтіндігіне және орманның ішінде интернеттің жоқтығына тап болды. Негізінде сол жердегі орманшылардың айтуынша, азаматтардың көбінің қайтыс болған себебі олардың қолында ұялы телефон болмады. Енді қазір осы министрлік орманның ішінде және орман шаруашылықтарында ұялы телефон мен интернетті қалыптастыру үшін қандай нақты жұмыстар жүргізіп жатыр? Орман шаруашылықтарында өрттің пайда болуына мониторинг жасаудағы ғарыштық мониторингтің рөлі қандай? Егер олар ақпарат беретін болса, мәлімет жергілікті пультке қанша уақытта жетеді?", - деп сұрады депутат.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілінің сөзінше, апаттық жағдайда мекемелік арнайы радиобайланыс керек.

"Мобильді байланыс та керек, бірақ ол екінші орында тұр. Мобильді байланыс ең әуелі азаматтарға керек екенін түсіну керек. Құтқарушыларға арнайы радиобайланыстың болуы маңызды. Орман шаруашылықтарындағы мобильді байланыстарға келетін болсақ, жақын маңда тұрғындар орналасқан аумақтарда оларды ұлттық жоба аясында қолжетімді интернетпен қамтамасыз ететін боламыз. 2027 жылдың соңына дейін барлық ауылдық жерді қамтимыз. Барлығында интернет пен мобильді байланыс болады. Тағы бір мәселе бұл елдімекендерден жырақта орналасқан орман шаруашылықтарына қатысты. Бұл жерлерді ұялы байланыспен қамтамасыз ету тек спутниктік технологиялар арқылы ғана мүмкін", - деді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Мәжіліс депутаты бұл жауапқа қанағаттанбады.

"Осының алдында ТЖМ өкілі министрлікке бағыттап отыр, Цифрлық даму министрлігі өзі не істейді деген сұраққа жауап беріп отырған жоқ. Сіздер неге бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер? Мен Цифрлық даму министрлігі орманның ішінде ертең тағы өрт болса, сол жерде интернет және ұялы байланыс бола ма, болмай ма деген сұрақ қойып отырмын. Өйткені орман саласында жүрген азаматтар "ана жігіттердің қайтыс болып кеткен себебі телефон істемеді, олар хабар бере алмады" деп айтты", - деді Ерлан Саиров.

"Шын мәнінде, мұнда нақты жауап бере алмаймын. Себебі осы күзде барғанда лесхоз ауылдарының біреуінде байланыс жоғы екенін білемін. Экономикалық тиімділік деген бар. Адам, үй санына байланысты қолданылатын түсінік екен. Біз алдағы уақытта осы сөзіңізден кейін бірігіп нәтиже шығарамыз. Бірақ өз көзімізбен барып жиналыс өткізгенде телефонымыздың істемей тұрғаны шын", - деп жауап берді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу