Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев доллар бағамының көтерілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер министрден доллар бағамының 500 теңгеге жетуі ел азаматтарының сатып алу қабілетіне әсер етті ме деп сұрады.
"Доллар бағасы макрофакторларға әсер ететіні түсінікті. Сіз бізге импорт тауарлар қайдан келеді деп сұрадыңыз. Олар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізіледі. Бұл Ресей, Беларусь және Қырғызстан. Қытайды да атап өтуге болады. Шекаралас көршілер – Өзбекстан, Тәжікстан. Біз олармен доллармен есеп айырыспаймыз. Қазақстан Ресеймен теңге-рубль, Қытаймен юань-теңге арқылы есеп айырысады. Біз аптасына бір рет мониторинг жүргіземіз. Қазіргі индексті алсақ, осы айда 0,2% өсуін байқап жатырмыз", –деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Ведомство басшысы оған доллардың қатысы жоқ екенін, бұл маусымаралық үрдіс екенін айтты.
Бұдан бөлек журналистер елімізде жеміс-жидек бағасы қымбаттауы мүмкін бе деп нақтылады.
"Елімізге жеткізілетін бананның 70%-ы Ресей арқылы келеді. Біз ол үшін Ресейге доллармен емес, рубльмен төлейміз", – деп атап өтті министр.
Айта кету керек, осыған дейін Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін айтқанын жазғанбыз.