Бір кітап 3,5 миллион: Өзбектер қолдан қағаз жасаудан қалай пайда тауып отыр?

689

Бір кітап 3,5 миллион теңге. Самарқандтағы қолдан қағаз жасайтын фабрика өз өнімдерін осынша қаржыға бағалайды. Мұнда бір қағаздың құны 5 мың 500 теңгеге жетеді, деп жазады inbusiness.kz.

Бір кітап 3,5 миллион: Өзбектер қолдан қағаз жасаудан қалай пайда тауып отыр? Фото: inform.kz

Ең алдымен мынадай тұт ағаштарын 3-4 күн суда жібітеді. Бойына әбден су сіңірген бұтақтарды қабығынан қолмен ажыратады. Ағаштың сырты декаративті қағаз жасауға қолданылады. Ал ішкі жағынан жібек қағаз жасайды. 

"Бұл фабрикада 6 жылдан бері жұмыс істеймін. Кейде қолдарым талып кетеді. Бірақ 13 ғасырдан бері өзгермей сақталған дәстүрді жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Әр парақты жасауға бір топ адам еңбектенеді. Сондықтан біз үшін әр қағаз қымбат", дейді шебер Гүлжахон Рахимова.

Қабығы ажыратылған тұт ағашын үлкен қазандықтарда 4 сағат қақпағын ашпай қайнатады. Бұл материалдың ыдарып, жіңішкеруі үшін керек,- дейді шеберлер. 

Жібек қағаз жасауда ешқандай компьютердік жүйе де, электр энергиясы да пайдаланылмайды. Тек қана ғасырлар бойы сақталған дәстүрлі технология. Мәселен мына диірменнің тоқтаусыз айналып тұрғанына 25 жылдан асқан. Диірмен ағаштарға қысм түсіріп 10 сағат бойы қағазды нығыздайды. Сөйтіп дайын материал шығады. 

Қағаздарды бояуда да тек қана табиғи бояулар пайдаланылады. Мәселен көк түс индигогдан, қызыл түс анардан алынады. 

Боялғаннан кейін қағаздар пішінін жоғалтпас үшін ауыр тастың астында  нығыздалып тұрады. 3-4 күн өткен соң дайын қағазды тегіс бетке кептіру үшін жабыстырып қояды. Күн жылыда оған 1 тәулік кетеді. Қыста 2-3 күнде кебеді. 

Дайын қағаз табиғи тастармен немесе жануардың мүйізімен 15 минуттай тегістеледі. Бұл сия ағып кетпей қанық түсуі үшін керек екен. 

"Мына парақтар 100 жылдай сақталады. Ал қолдан жасалған жібек қағаздарға 2000 жылға кепілдік береміз. Өйткені осы дәстүрлі технологиямен жазылған байырғы ғұламалардың кітаптары бүгінге дейін бүтін сақталған. Өрт болса, бұл парақтардың шеті ғана күйеді. Ал жәндіктер жібек қағазды жемейді. Себебі, ол тым тығыз", дейді ұста Мұхаммад Жұмаев.

Осындай төзімділігінің арқасында бұл қағаздарды архивте, маңызды құжаттар мен кітаптар жазғанда қолданады. Ұсталардың айтуынша, ең көп тапсырыс Орталық Азия елдері мен Еуропадан түседі екен. Қазақстаннан да бір парақты 1300-5000 теңгеден алғандар бар. Енді том-том кітаптардың қаншаға шығарын есептей беріңіз. 

Маржан Жұмабай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу