Бір жылда интернет-алаяқтыққа қатысты 21 мыңнан аса факті тіркелген

924

Полиция қазақстандықтарды сақ болуға шақырады.

Бір жылда интернет-алаяқтыққа қатысты 21 мыңнан аса факті тіркелген

2021 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтық қылмысының саны 21 мыңнан асқан. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы елде жалпы 41 мыңнан аса алаяқтық қылмысы тіркелген, бір жылдағы өсім – 22,5%.

"Биыл қаңтарда мұндай 2500 қылмыс тіркелді. Талдауға сүйенсек, бұл қылмыстар ақшаны қарызға беру (6 мыңнан аса дерек), қызмет көрсетемін деп алдау (шамамен 3 мың қылмыс), жылжымайтын мүлікті немесе көлікті сату кезінде (2 500 қылмыс) жасалады", – деді Рүстем Дүйсетаев ІІМ-де өткен онлайн-брифингте.

Ол цифрлық технологияның дамуына байланысты ақшаны ұрлау дерегі жиілегенін атап өтті. Бүгінде интернет-алаяқтықпен күрес өзекті болып тұр. 

"Мысалы, 2020 жылы Қазақстанда мұндай қылмыстар саны 14 мың болса, өткен жылдың қорытындысына сәйкес олардың саны 21 мыңнан асты. Биыл қаңтарда 1 177 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді", – деді Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы.

Рүстем Дүйсетаев интернет-алаяқтық қылмысы қалай жасалатынына тоқталды.

"Мұндай қылмыстар көбінесе хабарландыру арқылы тауарды сату, белгілі бір қызмет көрсету кезінде жасалады. Бұл барлық қылмыстың тең жартысы – 8 200 дерек. Жыл басынан бері микроқаржылық ұйымдардың сайтында онлайн қарызды рәсімдеу бойынша 3 мың қылмыс жасалды. Тұрғындардың жеке мәліметін алғаннан кейін банк шотынан ақшаны ұрлау бойынша 2 300 дерек тіркелді. Көптеген жағдайда алаяқтар өздерін "банк қызметкерімен" деп таныстырып, әртүрлі нөмірден телефон шалады. Кейбір жағдайда жәбірленушілер фишинг-сайтта жеке деректерін енгізіп, алданып қалған", – деді полиция қызметкері.

Оның айтуынша, шамамен 2 мың қылмыс ақшаны "тиімді" жобаға салу бойынша жасалған: ойындар, инвестиция, ұтысқа қою және тағы басқа. 

Осыған байланысты Рүстем Дүйсетаев қазақстандықтарды сақ болуға, ақшаны бөтен адамға сенім тапсырмауға кеңес берді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу