Бірнеше күн ішінде жол апатынан 24 адам қаза тапты

454

Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.

Бірнеше күн ішінде жол апатынан 24 адам қаза тапты Фото: Ашық дереккөзден

Қала маңындағы трассаларда үш немесе одан да көп адам шығынымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бұл туралы ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Мәселен, 15 шілдеде Абай облысында Lada автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, автомашинаның аударылуына жол берді. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, екі адам түрлі жарақат алды. 16 шілде сағат 15:00 шамасында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында Chevrolet Сobalt жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеті адам қаза тауып, екі адам жарақат алды", – деді Ақтоты Боранова.

Осы апта да жол-көлік оқиғаларынан басталды.

"Бүгін таңертең Түркістан облысында, Шаян ауылының маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. Екпінді – Созақ облыстық маңызы бар тас жолында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Сrafter көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан көлік құралдары қас қағым сәтте өртке оранды. Оқиға орнында 10 адам қайтыс болды, 12 адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша жол апатына Nissan автокөлігінің қарсы жүріс жолағына шығуы себеп болған. Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіне қатысушылардың тәртібінің төмендігін және жүргізушілердің менмендігін көрсетеді", дейді спикер.

Талдауға сәйкес, барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып озу үшін қарсы жолаққа шығады. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік тізгініне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға тап болады. Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.

"Жол қателіктерді кешірмейтінін бәрі біледі, сондықтан жүргізушілерден асықпауды сұраймыз. Осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, әкімшілік полиция комитеті жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіз жүріс жылдамдығы мен автокөліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады", – деді Ақтоты Боранова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу