Бишімбаев ісі: 10 алқабидің алтауы ақтаса, сотталушы босап шығуы мүмкін

652

Алқабилердің жұмысына кедергі келтіруге болмайды.  

Бишімбаев ісі: 10 алқабидің алтауы ақтаса, сотталушы босап шығуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан алқабилер сотының жұмысы неден тұратынына түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бізде алқабилер соты дамыды деп айта алмаймыз. Сол себепті де қазіргі таңда дәл осы алқабилер сотына қатысты біздің жұмыс тобында көптеген өзгертуді енгізу қарастырылып отыр. Біріншіден, алқабилер сотының қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің санатын кеңейту мәселесі тұр. Қазіргі таңда алқабилермен қаралатын қылмыстық істер өте аз", - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Тілшілер "Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер соты қаншалықты әділ шешім қабылдайды деп ойлайсыз?" деп сұрады. 

"Менің ойымша, бұл жерде алаңдауға еш негіз жоқ. Біріншіден, алқабилер дегеніміз қоғамның өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. 10 судьяның бірі кәсіби судья да, қалғаны алқабилер құрамында", - деп жалғастырды ол.

Депутат Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, алқабилердің қатысуын тек сотталушы таңдай алатынын жеткізді. 

"Жәбірленуші істің алқабилер сотында қаралуын талап ете алмайды. Бұл тек қана сотталушының құқығы. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем бойынша алқабилер соты институты бар елдің бәрінде сондай. (...) Бұл сотқа келіп, жай ғана дауыс бере салу емес. Екі тарап бар. Олардың адвокаттары бар. Істі қарап отырған судья, прокурорлар бар. Олардың барлығы өздерінің уәждерін айтады, қылмыстық істің материалдары зерттеліп, зерделенеді. Басынан бастап қатысып отырған алқаби мүшелері өздерінің қорытындысын айтады. Бірақ бұл дауыс беру арқылы жүзеге асады. Әр адам бір дауысқа ие. Соның ішінде кәсіби судья да бір-ақ дауысқа ие. Он алқаби мүшесі болатын болса, біреуі кәсіби судья, тоғызы заңгерлік немесе құқық қорғау органдарында қызмет өтілі жоқ қарапайым адам, яғни қоғамның өкілі. Он алқабидің алтауы (сотталушыны) кінәсіз деп дауыс беретін болса, онда адам кінәсіз деп танылады", - деді Абзал Құспан.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың соты бойынша пікір білдіргенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу