Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жаңа оқу жылында 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бүгінгі күннің ақпараты бойынша өңірлердің оқулықтармен қамтамасыз етуі 90% құрап отыр. Биылғы 25 тамызға дейін оқушыларды оқулықтармен толық қамтуды барлық өңірлер аяқтауы тиіс", - деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің сөзінше, әкімдіктер тарапынан тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қажетті қаражат бөлініп отыр.
"Биылғы қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артып отыр. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Биыл да 510 мың баланы мектепке дайындалуға қажетті көмекпен қамту көзделген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаржы қарастырылып отыр", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.