Акция сатумен айналысқан алаяқтар салымшыларға енгізілген соманың 10-15 пайызын беруге уәде еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидаларының белгісі бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемесі бұғатталғанын айтады. Сондай-ақ, 57 қаржы пирамидасының жұмысын тоқтатқан. Олардың салымшыларға 20 миллиард теңгеге жуық шығын келтіргені белгілі болып отыр. Бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалып, 12 миллиард теңгеден астам қаражат өтелген.
– Алаяқтар өзін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-15%-ына дейін пайдасын беруге уәде еткен. Келтірілген залал сомасы – 255 миллион теңге. Сот үкімімен кінәлілер 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, – делінген Қаржы мониторингі агенттігі таратқан жазбада.
Агенттік мәліметінше, биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері, WhatsApp, Telegram және Instagram желілерінде 292 чат бұғатталған. Жүйелі жұмыстар негізінде 2 миллионнан аса әлеуетті салымшының қаржы шығынына тосқауыл болған.
Еске салайық, "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares" / "Antares Trade", "Sincere Systems Group" / "S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding" / "Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan" / "Eolus" сияқты Қазақстанда қызметін жүзеге асырған қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімше ұйымдастырушылары жауапқа тартылған.