Жоспардағы іс-шараның 11-і 2022 жылы орындалса, қалған 20 іс-шара 2023-2024 жылдары іске асырылады.
Меншікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету 2022 жылы шұжық өнімдері бойынша 56,4%-дан 61%-ға дейін, алма бойынша 73,7%-дан 75,6%-ға дейін, құс еті бойынша 65,4%-дан 68%-ға дейін, қант бойынша 42,6%-дан 51%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте ірімшіктер мен сүзбе бойынша 56%-дан 53%-ға дейін төмендеу байқалады. Осылайша сүт өнімдері бойынша тағы да төмендеген, - деді министр.
Оның айтуынша, бұл бүгінгі таңда сүт өнімдерін өндіру проблемалы екенін растайды, бұл шикізат базасының дамымауымен байланысты.
Сүт өнімдерін өндіруге арналған шикізат базасын кеңейту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңейту жөніндегі жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі және сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейді.
Осы мақсаттарға 2023 жылға өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Келесі жылдары жоспарда қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салу бар, оған 113 млрд теңге қаражат қажет, — деді Е. Қарашөкеев.