Биыл Ақтөбе облысында 636 шақырым автокөлік жолы жөнделеді

803

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің халықпен есептік кездесуі өтті.

Биыл Ақтөбе облысында 636 шақырым автокөлік жолы жөнделеді

Өңір басшысы автокөлік жолдарының сапасы мен қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесі өзектілердің бірі болып қала беретінін атап өтті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"2020 жылы 55,9 млрд теңгеге облыстың 636 км автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған, оның ішінде жергілікті маңызы бар 480 шақырым автомобиль жолдарын және 2017 жылы басталған республикалық маңызы бар "Ақтөбе-Атырау" автожолының 156 шақырым учаскесін жөндеу жоспарланған. Биылғы жылы "Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы" автожолы мен "Сельмаш" ауданындағы өтпежолды қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау, "Ақтөбе-Орск" автожолының 8-16 шақырым жерін қайта жаңартуды және "Ойыл-Қараой", "Шалқар-Бозой" және т. б. жол учаскесін орташа жөндеуді аяқтау жоспарлануда",– деді Оңдасын Оразалин.

Қоғамдық көлікке қатысты облыс әкімі "Автопарк" ЖШС және "ПАТП" ЖШС тасымалдаушылары 52 маршрутқа қызмет көрсететінін, 400-ден астам автобус жұмылдырылғанын айтты. Ақтөбе қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билеттеуді енгізу жұмыстары жалғасуда.

Әлеуметтік маңызы бар "Ақтөбе – Шалқар" темір жол бағытын субсидиялауға 330 млн теңге бөлінген. Осылайша, Шалқар ауданы тұрғындарының вагондардың санын көбейту туралы өтініші қанағаттандырылды.

"Облыс үшін маңызды мәселелердің бірі – Әйтеке би ауданында "Үшқатты-Союзное РФ", Қобда ауданында "Жиренқопа – Первомайское" Шалқар ауданында "Бозой-Нөкіс" үш халықаралық автомобиль өткізу бекеттерін ашу. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттыруға, көлік ағынын қайта бағдарлауға мүмкіндік береді. Бекеттердің ашылуы аймақтың қосымша экономикалық өсуін 0,3% деңгейінде қамтамасыз етуге, ЖӨӨ құрылымындағы көлік үлесін 9-дан 14% - ға дейін арттыруға, сондай-ақ Ресеймен және Орталық Азия елдерімен елдің тауар айналымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді",– деді өңір басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу