2020 жылы Жамбыл облысында алдағы бес жылға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға негізделген "Әулиеата жастары" өңірлік бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында биыл жамбылдық 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, "Әулиеата жастары" бағдарламасы облыс бойынша барлық деңгейде талқыланып, сараланып, мақұлданған. Бағдарламаны әзірлеуде өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Осылайша "Отбасы банк"-пен Жамбыл облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде бірнеше жылда жүздеген жастың баспаналы болуына мүмкіндік жасалды.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің айтуынша, биыл да бағдарлама жалғасын тауып, 140-тан аса жас алыс болып көрінген арманына қол жеткізеді.
"Жамбыл облысында жастарды жарқын болашаққа ынталандыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – "Әулиеата жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы. Өңірімізде 1,2 миллионнан астам халық тұрса, оның 355 мыңнан астамы (355 783) жастар. Жалынды жастарды қолжетімді баспанамен қамту – облыс басшысының басты назарында. Биыл "Әулиеата жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасына құжаттар 2024 жылдың 1-10 қазан күндері аралығында e-jambyl.kz сайты арқылы қабылданды. Бағдарламаға облысымызда тұратын, жасы 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) барлық азаматтар қатысуға мүмкіндік алып отыр.
2023 жылы бағдарлама бойынша 144 азамат баспаналы болса, биылғы жылы бағдарламаға 2 миллиард теңге қаражат (1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге "Отбасы банк" АҚ тарапынан) қарастырылып, 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарлануда", - дейді Серік Жақсылықұлы.