Сарапшылар алдағы айға осындай жағымды болжам жасады. Соңғы уақытта "биыл тұтынушылар индексінің қарқыны бәсеңдейді" деген сыбыстар жиі айтылып жүр.
Мұнай қымбаттаса да, құрғақшылық болса да азық-түлік бағасы өседі. Жалпы күнделікті тұтынатын тауар құнының өзгеруіне әсер ететін фактор көп. Сарапшылар сөзінше, өткен жылғы наурызға қарағанда биылғы көктемнің алғашқы айында инфляцияның өсуі баяулаған. Мысалы, биыл азық-түлік 5,8% - ға қымбаттаса ол тауарлар өткен жылы 7% - ға өскен еді. Биыл наурыз айында бағаның өсуі 0,3% төңірегінде болды. Демек, инфляцияның баяулағаны өнімнің өзіндік құны төмендейді дегенді білдірмейді.
"Біздің еліміздегі проблема-инфляцияның жоғарылауы. Бағалар да өсуде, бірақ халықтың табысы, өкінішке қарай, көтерілмейді. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасы нашарлайды. Биыл инфляция шынымен баяулайды, бағалар өткен жылмен салыстырғанда баяу өседі, бірақ өкінішке қарай, өсе береді", дейді Экономист Мұрат Қастаев.
Инфляция бар кезде, баға түседі деуге келмейді. Ал, енді оны ұстап тұру үшін қайтпек керек? Экономист Мақсат Халық бұл ретте Үкіметтің дер кезінде шешім қабылдауына байланысты екенін айтады. Мәселен, былтыр инфляцияны 20 пайыздан асырмай, 16 пайыз төңірегінде ұстап тұруға болатындығын айтады. Ол үшін ең басты үш қадам ғана жасау керек. Оның алғашқысы, қарапайым шаруаның жағдайын жасау. Ол дегеніміз жанармайдан бастап, техникаларының қалтықсыз жұмыс істеуіне дейін көмек көрсету. Ал, екіншісі...
"Арадағы делдармен күрес. Өйткені, көптеген делдардың болуы және арадағы бағалық келісімдердің жүзеге асуы соның барлығы тауар бағасын шарықтатып жібереді. Не болмаса, нарықта монополист жағдайлар болады. Олар да өзінің бағасын өсіріп жіберетіні бар. Демек, Үкіметтің араласатын жерлері осы", дейді Экономист Мақсат Халық.
Қайткен күнде де инфляцияға қатысты болжам жағымды болғанымен жарылқамайын деп тұр. Ең бастысы жаңадан құрылатын Үкіметтің беталысына байланысты. Салдармен емес, себебімен күресетін кез келді дейді, сарапшылар.