Биыл ипотека мөлшерлемесі төмендеді, бірақ талабы күшейді

2026 жылы тұрғын үй несиелері формалды түрде арзандағанымен, оларды алу қиындай түсетін түрі бар.  

Биыл ипотека мөлшерлемесі төмендеді, бірақ талабы күшейді Фото: rbc.ru

Баспана нарығында не өзгерді және қандай бағдарламаларға нақты үміт артуға болатынын informburo.kz тілшісі жазып көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қазақстандықтардың көпшілігі үшін жеке баспана сатып алу – ең маңызды әрі ең күрделі қаржылық міндеттердің бірі. Жылжымайтын мүлік бағасының жоғары болуы сатып алушыларды ипотекаға жүгінуге мәжбүр етеді. Көбіне бұл – пәтер немесе үй алудың нақты жолы.

Жасыратыны жоқ, нарықтағы жағдай жиі-жиі өзгереді. Банктер талаптарын қайта қарайды, мемлекет қолдау бағдарламаларын түзетіп, ал қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейе түседі. 2026 жылы бұл өзгерістер, әсіресе айқын байқалды. Енді несие мөлшерлемелері жаңа қағидалар бойынша есептеледі, клиенттердің төлем қабілеттілігіне бақылау күшейтілді, тиісінше несиені мақұлдау үшін табыс пен кредиттік тарих тереңірек тексеріледі. 

2026 жылы ипотека бойынша қандай мөлшерлемелер бар, қандай мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр және қазіргі уақытта қандай шарттармен тұрғын үй несиесін рәсімдеуге болады? 

№1. 2026 жылы ипотекада не өзгерді? 

Басты жаңалық – ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бұл өзгерісті 2026 жылдың шілдесінде енгізу жоспарланып отыр. 
Сонымен қатар, пайыздық мөлшерлемені есептеу қағидасы өзгереді. Енді ол мына факторларға байланысты болады: 

– несие мерзімі; 
– бастапқы жарна мөлшері; 
– несие сомасының тұрғын үй құнына қатынасы. 

Яғни, бастапқы жарна неғұрлым көп, ал несие мерзімі неғұрлым қысқа болса, мөлшерлеме де соғұрлым төмен болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, банктер әрбір қарыз алушы үшін ипотека шарттарын жеке есептейтін болады. Бұл оның қаржылық жағдайы мен өзге де критерийлерге негізделеді.

Ипотеканы бұрынғыдай мемлекеттік бағдарламалар арқылы да, банктердің коммерциялық өнімдері арқылы да рәсімдеуге болады. Мемлекеттік бағдарламалар қолжетімдірек болғанымен, олардың да өзіндік талаптары мен шектеулері бар: табыс деңгейіне, баспанаға және белгілі бір санаттарға қатысты талаптар бәріне бірдей сәйкес келе бермейді.

Маңыздысы, ипотека рәсімдемес бұрын барлық тәуекелді мұқият бағалау қажет. Егер ай сайынғы төлем отбасының жалпы табысының жартысынан аспаса, онда баспана алып, қаржылық қиындыққа ұшырамауға болады.

№2. "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы.

"Наурыз" ипотекасы тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жұмыс істейді және жеке баспанасы жоқ азаматтарға арналған.

Негізгі талаптары, қарыз алушы мен оның отбасы соңғы 5 жылда тұрғын үйге ие болмауы тиіс және "Отбасы банкіндегі" депозитінде кемінде 2 млн теңге жинақ болуы қажет. 

Мөлшерлемелер:
7% – әлеуметтік осал топтар үшін; 
9% – қалған қатысушылар үшін. 

Бастапқы жарна:

10%-дан бастап – әрлеуі дайын жаңа пәтер үшін; 
20%-дан бастап – толық жөнеуден өтпеген тұрғын үй үшін. 

Несие сомасы:

Алматы мен Астанада – 36 млн теңгеге дейін; 
өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін. 

Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Толық жөнеуден өтпеген пәтер алған жағдайда, несиенің бір бөлігін жөндеуге жұмсауға болады.

Бұл бағдарлама жинақ жүйесіне негізделген: алдымен жоғары төлеммен алдын ала несие рәсімделеді, кейін белгілі бір сома жиналған соң мөлшерлеме төмендеуі мүмкін.

№3. "Наурыз жұмыскер": Бұл – жұмысшы мамандықтарға арналған ипотека. 
Жалпы тізімде 8 мыңнан астам мамандық бар.

Талаптар:

– тізімдегі мамандық бойынша жұмыс істеу; 
– тиісті қызмет түрі бар компанияда ресми жұмыс істеу. 

Шарттары "Наурыз" бағдарламасына ұқсас:

– 7% / 9% мөлшерлеме; 
– бастапқы жарна 10-20%; 
– несие сомасы 36 млн теңгеге дейін (ірі қалаларда); 
– мерзімі 19 жылға дейін. 
– сондай-ақ "Отбасы банкінде" кемінде 2 млн теңге депозиті болуы керек.

№4. "7-20-25" жеңілдетілген ипотекасы.

Бұл бағдарлама 2026 жылы да жұмыс істейді. Қатысу үшін:

– соңғы 18 айда қарыз алушы мен жұбайында баспана болмауы тиіс; 
– тек бастапқы нарықтағы тұрғын үй сатып алынады; 
– пәтер бағасы белгіленген лимиттен аспауы керек. 

Шарттары:

– 7% мөлшерлеме; 
– 20% бастапқы жарна; 
– 25 жылға дейін мерзім. 

Несие сомасы Алматы, Астана – 30 млн теңгеге дейін болса, Қарағанды үшін 25 млн және басқа өңірлер – 20 млн теңгеге дейін. 

Бағдарламаға бірнеше банк қатысады. Десе де, жыл сайын бөлінетін шамамен 100 млрд теңге тек 5-6 мың несиеге ғана жетеді, сондықтан оған кіру оңай емес.

№5. "Ұмай" – әйелдерге арналған ипотека. 

Бұл бағдарлама 18-65 жас аралығындағы, ресми табысы бар әйелдерге арналған. Іске қосылуы 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Шарттары:

– бастапқы мөлшерлеме шамамен 14,4%, кейін 3,5-5%-ға дейін төмендеуі мүмкін; 
– бастапқы жарна – 15-20% ("Отбасы банк" депозитінде болуы тиіс); 
– несие – 50 млн теңгеге дейін; 
– мерзімі – 25 жылға дейін. 

Сатып алуға болатын тұрғын үй:

– жаңа (соның ішінде салынып жатқан); 
– 2016 жылдан ерте салынбаған қайталама тұрғын үй. 
Маңыздысы, қатысу үшін табыс жоғары болуы тиіс (шамамен 900-950 мың теңге). Зейнетақы жинақтарын пайдалануға да болады.

№6. "Жасыл ипотека". 

Экологиялық сертификаты бар тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға арналған.

Мұндай үйлер:
– энергияны аз тұтынады; 
– жылу сақтауы жақсы; 
– экологиялық материалдардан салынады. 

Шарттары:

– мөлшерлеме шамамен 12,5% (ЖТСМ 18,1%-ға дейін), кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді; 
– бастапқы жарна – 20%-дан; 
– несие – 50 млн теңгеге дейін. 

Шектеу – тек "жасыл" сертификаты бар тұрғын үй кешендерінен сатып алуға болады.
№7. Ипотеканы рәсімдеу. Жалпы, ипотеканың екі негізгі түрі бар. Олар – мемлекеттік бағдарламалар және нарықтық несиелер. 

Мемлекеттік бағдарламалар тиімдірек, бірақ барлығына қолжетімді емес. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу