Биылғы жылы Павлодар облысында үйі-күйі жоқ кезбелердің қатары 2016 жылмен салыстырғанда 600 адамға артып, 2459-ға жетіп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz
Бұл туралы бүгін қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, экология және айналаны қоршаған ортаны қорғау комиссиясының біріктірілген отырысында ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Юрий Колесников мәлім етті.
"Ауыр қылмыстың алдын алу мақсатында жол патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын осындай жандар шоғырланатын орындарды тексереді. Олардың арасында ішімдік ішіп, түнімен қаңғыратындар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіледі", - дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Бұл ретте № 5 Баянауыл сайлау округінің депутаты Орал Сартаев мұндай мүсәпір жандардың қайдан пайда болғаны туралы сұрап, еңбекпен қамту жолын қарастыруды ұсынды. Десе де, Юрий Колесниковтың айтуынша, олардың барлығы жұмыстан айырылған және шалғайдағы жайылымдардан қайтып келген өзіміздің кезбелер. Бұл азаматтар жұмыс істеуге құлықсыз, картон қағаздарын жинап тапсырып, түскен тиын-тебенді ішімдікке салғанды жөн санайды. Заңнамаға сәйкес арнайы қабылдағыштарда ұстауға жол берілмейді. Егер де сол жерге бір рет жеткізілетін болса, үш жыл бойы қайтадан алып баруға тыйым салынады.
"Қоғамға жат өмір салтын ұстанған кезбелер "Мен неге жұмыс істеуім керек? Көшенің қилысына шықсам болғаны, бір сағаттың ішінде 10 мың теңгедей таба аламын" дейді. Бұл әрекеті үшін жауапкершілікке де тарта алмаймыз, себебі, бұлардың басым бөлігі - мүмкіндігі шектеулі жандар. Осы санаттағы адамдарға қатысты заңнама базасын қарастыру туралы Парламент Мәжілісіне ұсыныс жолдадық. Себебі, заң бойынша біз оларды ешқайда орналастыра алмаймыз не соттай алмаймыз", - дейді Юрий Колесников.