Ұлытау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жыл басынан бері өңірде автокөлікті қасақана сырғанатып жүргізу, яғни дрифт жасаудың 14 дерегі анықталған. Мұндай құқық бұзушылықтар көбіне жас жүргізушілер арасында, әсіресе той кортеждері мен түрлі мерекелік іс-шаралар кезінде тіркеледі", – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері барлық 14 дерек бойынша құқық бұзған жүргізушілерді анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндірілді.
Полиция ортақ пайдаланылатын жолдарда қауіпті маневрлер жасау жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысының өзге қатысушылары мен жаяу жүргіншілердің өміріне тікелей қауіп төндіреді.