2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Жамбыл облысына 95 644 турист саяхаттап келді. Оның ішінде 1 455 шетелдік, еліміздің өзге өңірлерінен келген 94 209 турист бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 40,1 пайызға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы бүгінде өңірде туризм саласында 15,9 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2023 жылдың қорытындысына сәйкес туризм саласына 25,6 миллиард теңге инвестиция салынған болатын.
Бүгінге дейін 3 жоба пайдалануға берілді. Атап айтқанда, "Koksai resort", "Алмалы" (Жамбыл ауданы) туристік аймақтары мен Тараз қаласындағы "Зербұлақ" аквапаркі туристердің барлық сұраныстарына сай қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар облыс аумағында 225 туристерді орналастыру, 525 тамақтану, 21 демалыс орны, 16 туристік ұйым, 9 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай жұмыс істейді. Есепті кезеңде туристерге 1,3 миллиард теңгенің қызметі көрсетілді.
Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл ауданы "Ақыртас" сарай кешініндегі ауыз су мәселесі жеке инвестордың қаражаты есебінен шешімін тапты. Тараз қаласындағы "Таскөл" демалыс орталығы электр желісімен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 4 туристік нысанның инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Туризм саласын дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – кәсіби мамандар даярлау. Өткен жылы гидтер мен экскурсоводтар курсы ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алды.
Ағымдағы жылы "Жанды сабақтар" жобасы, "Taraz City bus" экскурсиялық бағдарламасы, "Көктем көркі - қызғалдақ" іс-шарасы жүзеге асырылуда.
2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Аталған бастама аясында Жамбыл облысының туристік әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырылған болатын" дейді Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.