Биыл Жамбыл облысында 478 өрт болып, 6 адам қайтыс болды

468

Өңірде дала өрттері өткен жылмен салыстырғанда 3 есе азайғанымен, орман өрттері 26 оқиғаға көбейген. 

Биыл Жамбыл облысында 478 өрт болып, 6 адам қайтыс болды Фото: gov.kz

Жамбыл облысында дала өрттері өткен жылмен салыстырғанда 3 есе азайғанымен, орман өрттері 26 оқиғаға көбейген. Орман өрттері кезінде қайтыс болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы биыл облыс аумағында 478 өрт болып, 6 адам қайтыс болды және осынша адам ауруханаға жеткізілді. Келтірілген материалдық залал 92 миллион 570 мың теңгені құраған. Өрт саны 2023 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға азайып, материалдық залал 28,6 пайызға артқан.

Бүгінде төтенше жағдайлар департаментінде барлығы 19 452 объект тіркелген, соның ішінде жоғары тәуекелді объекті – 2209, орташа тәуекелдісі – 381, төмен тәуекелді объекті – 16 862. Жыл басынан бері 564 профилактикалық бақылау және қадағалау тексеруі жүргізілген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 457 нысан иесі әкімшілік жауапқа тартылып, 331-іне ескерту берілсе, 126-сына жалпы сомасы 3 545 010 теңге айыппұл салынған.

"Жыл басынан бері департамент қызметкерлері тұрғындарды өрттен сақтандыру мақсатында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 479 мақала жариялап, телеарналарда профилактикалық бағыттағы тақырыптық бейнероликтер көрсетуде. Сондай-ақ, 700 мыңдай ақпараттық парақша таратылды. Өрт қауіпсіздігі бойынша өткізілген айлықтың аясында 420 770 ауланы аралап, 4121 көпқабатты үйде жиналыстар мен кездесулер, білім беру мекемелерінде 1361 интерактивті және ашық сабақтар, кәсіпкерлермен 71 дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шаралардың бәрі өрт қауіпті кезеңде өртке жол бермеу мақсатында жүзеге асырылып келеді", деген Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков облыста табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 82 қызметкерден тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылғанын жеткізді.

Өрт қауіпті кезеңнің басынан бері барлығы 1148 рейдтік іс-шара ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде, құрғақ шөп пен қоқыс жаққаны үшін 1259 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оның 843-іне ескерту, 416-сына 6 506 210 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

"Жыл басында "Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары" туралы облыс әкімінің қаулысы қабылданып, орман мен дала өрттерін сөндірумен байланысты төтенше жағдайларды жою алгоритмі бекітілген болатын. Осыған сәйкес, республикалық маңызы бар 852 километр, облыстық маңызы бар 593 километр, жергілікті маңыздағы 640 километр автожол мен 840 километр теміржол бойындағы минералды жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың күшімен 19 өрт сөндіру бекеті құрылса, биыл Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тағы бір өрт сөндіру бекетін құру жоспарланып отыр. Өңірдің ауылдық округтерінде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылғанын атап өткен жөн" дейді Ералы Ақылбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу