Биылғы жылдың 8 айында Жамбыл обысындағы жол-көлік оқиғаларынан 133 адам қайтыс болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Сондай-ақ 1000-нан астам адам түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлайды inbusiness.kz аймақ әкімінің сайтына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғаларының 19 дерегі жүргізушілердің ішімдік ішкені мен есірткіге елтігені салдарынан орын алған. 44 оқиғаға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғандар себеп болған.
Биылғы 8 айды өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол көлік оқиғаларының өсу көрсеткіші 4 ауданда және облыс орталығында байқалады. Атап айтқанда, Тараз қаласында 25%-ға, Қордай ауданында 87,2%-ға, Меркі ауданында 20%-ға, Талас ауданында 206%-ға және Т.Рысқұлов ауданында 136%-ға артқан.
Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары облыс аудандарындағы аталған жағымсыз көрсеткіштің артуын "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомагистралімен байланыстырады. Бұл жолмен күн сайын 8 мыңнан астам көлік өтсе, оның 1 мыңнан астамы – жүк көліктері.
ЖКО-ның өсуін төмендету мақсатында облыс жолдарында "Сергек" кешенін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, ал Тараз қаласында пилоттық режимде 10 "Сергек" кешені іске қосылған.