Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Біз біргеміз" бастамасын қолдаған еліміздің қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары мен спортшылары тұрғындарды сабырға шақырып, өзінің және жақындарының денсаулығына мұқият болу қажеттігін ескертті.
Мәселен, "Дарын" сыйлығының лауреаты, әнші әрі спортшы Ибрагим Ескендір елдегі карантин жағдайында халықты ауызбіршілікке шақыратын әнінің тұсауын кесті.
"Еңсең түспесін, Алашым! Тар жол, тайғақ кешкен елміз ғой, сын-сағатта бірлікте болайық! Алла елімізге келген індеттен аман-сау өтуімізді нәсіп етсін", – деді шоу-бизнес өкілі өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында.
Ибрагим Ескендірден бөлек мемлекет басшысының бастамасын Қайрат Нұртас та қолдады.
"Осындай қиын сәтте бірге болайық. Ағайын, бұдан да көп қиыншылықтарды көрдік қой. Сондықтан қазақ халқы ешқашан жеңілмейді. Біз жеңілмеуіміз керек. Бір жұдырықтай бірге болуымыз керек. Біз біргеміз!",– деді эстрада жұлдызы өз парақшасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін танымал шоу-бизнес өкілі, тележүргізушісі Тұрсынбек Қабатов "Біз біргеміз" акциясын қолдап, Нұр-Сұлтанда қар тазалаған болатын.