Қызметкерлеріне құлша қарағаны ма? Таразда жылуға жауапты мамандар жұмыстан тыс уақытта мал бағып, егін егуге мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ол аздай, құрылыс жұмыстарына да жегілген. Өйткені тұтас мекеме жекеге өткелі елде жоқ ережемен еңбек етіп келеді екен. Ал қара жұмысқа көнбегендер лезде "қара тізімге" енеді. Шаһардағы 3 ауданды жылытатын кәсіпорын мұндай қадамға неліктен барып отыр?
Жамбылда жүріп, Қостанайдан бір-ақ шыққан жұмысшылар. Барлығы "Жамбыл-жылу" мекемесінде істейді. Еңбек иелері "былайша басшылық басынып бітті" деп бұлқан-талқан. Өйткені жылу маусымы аяқтала сала, мамандар мал бағып, сылаққа түскен. Ол аздай, қоқыс шығарып, қой қырқады.
"Құрылыспен де айналыстық. Фото-видео фиксация бәрі бар. Одан кейін қорасын тазалаған жігіттер бар. Бізді құл сияқты пайдаланады. Екі-үш күнде бір алып кетіп отырады. Қарсылық білдіргенімізде "бармасаңдар, жұмыстан шығасыңдар" деді. Осы күнге дейін шыдап келдік. Енді шыдамның да шегі бар", - деді "Жамбыл-Жылу" МКК бөлім басшысы Жаңабек Мәжитов.
"Жамбыл-жылу" мекемесі 2018 жылы сенімгерлік басқаруға өткен. Осы сәттен ел естімеген ереже көбейіп, еңбек шарты жүз түрленіпті. Тіпті, төлем түбіртегі де қолға тимейтін болған. Жыл басында 20 пайызға жоғарылайды деген жалақы да небәрі 4 пайызға артқан. "Жазылған іссапар құжаты да іс жүзінде жалған" дейді жұмысшылар.
"Мынау жекеменшік деген болмайды. Мемлекеттік қарамағында болу керек. Біздің талап етіп жатқанымыз сол. Түнде сағат 10 болсын, 11 болсын, келеді, мазалайды. "Тұрыңдар, кеттік" деп жұмысқа салады. Былай қарасаңыз, тәуліктеп жұмыс істеген күндеріміз болды", - дейді "Жамбыл-Жылу" МКК бұрыңғы жұмысшысы Ғалымжан Битөре.
Жұмысшылар жылу мекемесі үкімет балансына қайта өтсін деп талап қылады. Өтсе ғана, талап пен төлем түзелмек екен. Қызметкерлер 4 жыл бұрын еңбек инспекциясына бірнеше рет арыз тастаған. Алайда еңбеккерлерді елеген ешкім болмапты. Сорақысы 300 нысанды жылытатын кәсіпорын алдағы жылу маусымына әзір емес, дейді еңбекшілер.
"Осы қазандықта 1000 кубтық аккумуляторлық бак ауыстыру қажет болған. 750 мазут бак. Бірақ ешқандай ауыстыру болған жоқ. Тек қана сыртындағы қаңылтырын ауыстырып қана қойды, болды. Екібастұздағы жағдай осында орын ала ма деп біз қорқып отырмыз", - деді "Жамбыл-жылу" МКК №1 қазандығының аға шебері Жанбота Қартамбаев.
Ал басшылық "қыркүйекте жалақы 20-25 пайызға көбейеді" дейді. Нысан, керісінше, сенімгерлік басқаруға өткелі талай тірлік реттелді деп отыр. 200 млн теңгеге су жылытқыш қазандықтар жаңаланыпты.Ал мамандардың түрлі тірлікке тартылуын жаз айында жұмыссыз қалдырмаудың амалы дейді.
"650 адам кәсіпорында жұмыс істесе, жазда қазір ақысыз демалысқа 350 адам шығуға мәжбүр болып жатыр. Құрылыс жұмыстары болды. Егіс жұмыстары болды. Ауыл шаруашылық жұмыстар болды. Заңға қайшы келмесе, біз кез келген жұмыспен айналысамыз", - деді "Жамбыл-Жылу" МКК директоры Мүслім Қасымов.
Басшылық "еңбек шартына сай қызмет қылып отырмыз" деуден танбады. Ал талаптарды тізген жұмысшылар 3 беттік арыз-қағазды директор қолына ұстатып жіберді.