БҚО-да коронавирус дерегі барлық ауданда тіркелді

705

Желтоқсан айының 1-інен бастап облыста коронавирус індетін жұқтыруға қатысты 997 дерек анықталды.  

БҚО-да коронавирус дерегі барлық ауданда тіркелді

Оның 33%-ындағы жағдай бойынша адамдардың жақын қарым-қатынасы салдарынан ауру тараған. Яғни бір үйдегі отбасы мүшелерінің бір-біріне залалы тиюде. Облыстық әкімдік ғимаратында өткен жедел штаб отырысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев қазан айынан бері эпидемиологиялық ахуал қайта күрделеніп келе жатқанын хабарлады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер арасында қауіпті дерт жиі анықталады.

 Желтоқсан айында скрининг нәтижесінде Қарашығанақ кен орны жұмысшылары арасынан 80-нен астам дерек тіркелді. Олардың 70%-ында ауру белгісі жоқ. "Жайықмұнай" ЖШС қызметкерлерінен де коронавирус инфекциясы анықталуда.

"Екі кешен бойынша компаниялар басшыларына сақтық шараларын күшейту керектігін айттық. Желтоқсан айының басынан бері Орал қаласында 579, Бөрлі ауданында 149, Бәйтеректе 111 жағдай тіркелді. Бұған дейін Қаратөбе ауданында ғана жоқ еді, күні кеше бір адамнан анықталды. Барлық ауданда да коронавирус дерегі тіркеліп отыр", - деді Мұхамғали Арыспаев.

Жедел штаб отырысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай желтоқсан айында мониторинг қорытындысы бойынша шектеу шараларын бұзуға қатысты 57 бұзушылық анықталғанын айтты. Қаладағы 13 нысан белгіленген жұмыс режиміне "бағынбаған". Қоғамдық көліктерді қадағалау нәтижесінде қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сегіз материал жолданған. Түнгі қозғалыс тәртібін бұзуға байланысты 59 дерек тіркелді. Мониторинг топтары енді жасырын түрде жаңажылдық корпоративтер өткізілмеуі үшін қадағалауды күшейтуде.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік желілерде көпшіліктің той-думанда бас қосып жатқаны жөнінде деректер жиі тарап отырғанын айтты.

"Егер мемлекеттік құрылымдар мен бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің көп адам жиналып, көңіл көтеретін жерде жүргені анықталса, бұл деректі бірден тіркеуге алып, жұмыс орнынан босату керек. Күніне 40-45 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталуда.

Келесі штаб отырысында "ҚПО б.в." мен "Жайықмұнай" басшыларының эпидахуалды тұрақты ұстауы бойынша есебін тыңдаймыз. Олар вахтадан келген жұмысшыларының үйінде оқшауланып, карантин талаптарын сақтауына байланысты қадағалау шараларын қолға алуы тиіс", - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Штаб отырысында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин мас күйінде көлік жүргізу тыйылмай тұрғанын хабарлады.

Жыл басынан бері 2 мыңға жуық жүргізушінің алкогольдік ішімдікке үйір екені анықталған. Сот шешімімен көлік жүргізу ережесін бұзған 1858 адам екі апта абақтыға қамалып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұл бағыттағы бұзушылықтарды анықтау үшін жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылмақ.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Петр Лежников stopcovid.kz порталын жетілдіру жұмысы мен коронавирус инфекциясы бойынша жағдайды бақылау үшін цифрлы әкімшілендірудің бірыңғай ахуал орталығы қызметі туралы баяндады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу