БҚО Жаңақала ауданында оқушыға зорлық жасалғанын біле тұра ешқайда хабарламаған мектеп директоры үш жылға сотталды. Айғақтар мен бетпе-бет кездесулер білім ошағы басшысының болған жайдан хабардар болып қоймай, оны жасыруға тырысқанын көрсетті, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Аталған аудан тұрғынының үстінен 2019 жылы өгей қызына сексуалдық сипатта күш қолданғаны үшін қылмыстық іс қозғалып, 2020 жылы 22 жылға сотталғаны болатын. Содан кейін қыз баланың "мұғалімдеріме айттым" деген түсініктемесі бойынша мектеп директорының да үстінен іс қозғалғаны жөнінде жазған болатынбыз.
Белгілі болғандай, мектеп-гимназияның бұрынғы басшысы Лариса Қожахметова кінәлі деп танылып, оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
2019 жылдың наурыз айында мектеп психологтарынан 5-сынып оқушысын өгей әкесі зорлағанын естиді. Сөйтіп, өзінің кабинетіне мектеп қызметкерлерін жинап, жиналыс өткізіп, онда қоластындағыларға оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салады, сондай-ақ, оқушының анасынан қызын басқа мектепке ауыстыруды талап етеді. Білім ұйымының осындай әрекетсіздігі салдарынан қыз осыдан кейін тағы да екі рет зорлыққа ұшыраған.
Сот Қожахметованы ҚР ҚК-нің 434-бабы, "Жасалған қылмыс туралы хабарламау" бойынша кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал сот процесі кезінде прокурор төрт жыл мерзімге соттауды сұраған болатын. Оның адвокаты Айсұлу Биялиева сот шешімімен келіспейтіндерін және оған шағымданатындарын мәлімдеп отыр.
Құралай Қуатова