БҚО-да өрт сөндіруші қызметтік көліктің астында қаза тапты

205

​Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында қызметтік міндетін атқарып жүрген өрт сөндіруші қаза тапты. Қайғылы оқиға 3 қыркүйекте Тау ауылдық округі аумағында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

БҚО-да өрт сөндіруші қызметтік көліктің астында қаза тапты Фото: Желіден

Өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Халиуллин өртті сөндіру жұмыстары кезінде қызметтік көліктің астында қалған. Рөлде оның әріптесі болған.

Марқұмның туысы Алтай Бақтығалиев әлеуметтік желідегі жазбасында Миршат Халиуллиннің қызметіне адал болғанын жазды.

"Өрт сөндіруші – жай ғана маман емес. Ол өзгелер қауіптен қашқан сәтте, қауіптің ішіне кіретін адам. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірі мен дүние-мүлкін, табиғатты, елді мекендерді қорғау – оның күнделікті қызметі. Миршат та сол міндетін атқарып жүріп өмірден өтті. Ол өзінің амандығын емес, халықтың қауіпсіздігін ойлап қызмет етті", – деп жазды Алтай Бақтығалиев.

Әкесі Марс Халиоллаұлының айтуынша, Миршат Халиуллин өрт туралы кезекшілік кезінде біліп, оқиға орнына барған.

"Өрт сөндіру көлігінің рулінде баламмен бірге оқыған, бірге жұмыс істеген әріптесі болған. Өрт сөндіру кезінде әріптесі абайсызда көлігімен басып кеткен. Жүргізуші түтіннің арасынан байқамай қалғанын айтып отыр. Кейін кешірім сұрады. ТЖД өкілдері келіп, көңіл айтып, көмек көрсетуді ұсынды", – деді Марс Халиоллаұлы.

Әкесінің сөзінше, Миршат Халиуллин ауруханаға жетпей көз жұмған. Ол отбасындағы үш баланың үлкені болған.

Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті әзірге ақпарат берген жоқ. Kazinform тілшісінің сауалына Төтенше жағдайлар министрлігі жауап берді.

"Әріптесіміз қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болды. Отбасына барлық қажетті көмек көрсетілді. Ерлікпен қаза тапқан әрбір қызметкердің есімі мәңгі сақталады. Олардың ерлігі кейінгі буынға үлгі болады", – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу