БҚО-дағы алты адам көз жұмған апатқа қатысты мән-жайлар анықталды

5343

Жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы жол-көлік оқиғаларын көбейтіп тұр.

БҚО-дағы алты адам көз жұмған апатқа қатысты мән-жайлар анықталды

Елдің батыс өңірлерінде – қыстың соңғы аптасы қаһарына мініп тұр. Жол қауіпсіздігін сақтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында БҚО-да "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының шешіміне сәйкес, 22 ақпаннан бастап барлық трасса тегіс жабық тұр. Бет қаратпайтын қарлы боран салдарынан мектептердегі кезекші сыныптар түгел қашықтықтан оқытуға көшірілді. 

Белгілі болғандай, жолдың тарлығы мен қардың көп жабуы салдарынан арнайы қызметтер оны қардан аршып, тазартып үлгере алмай жатыр екен.

"Трассаларды үздіксіз тазалап отырмыз, жолдың өзін ғана емес, жан-жағын да қардан тазартуды кураторларымыз қадағалап отыр", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҚК АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Елдар Садық.

Өкінішке қарай, күн райы мен енсіз жолдардың қатарына жол ережелерін көпе-көрнеу сақтамайтын жүргізушілер де қосылып, жол-көлік оқиғаларының санын арттырып тұр.

Бұған дейін БҚО-да жол апатынан алты адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз. Қазіргі күні қайғылы оқиғаға байланысты кейбір мән-жайлар жарияланды. Ондағы қаза тапқан алты адамның бесеуі Базартөбе ауылының тұрғындары болып шықты. Аяқ астынан осынша адамынан айырылған ауыл тегіс аза тұтқан. Олар төрт әйел, оның екеуі апалы-сіңлілі, көрші Тайпақ ауылына барып кері қайтып келе жатыр екен. Көлік жүргізушісі қатты жылдамдықпен келе жатып, бар екпінімен қарсы келе жатқан жеңіл көлікті соғады. Соның салдарынан бір үй екі бірдей қызынан айырылып, 15 бала анасыз қалған. 

Орал қаласынан Атырау, Ақтөбе бағытына қатынап, жолаушы таситын такси жүргізушілерінің жылдамдықты арттыратыны, өзара клиентке таласып, кейде жарысқа түсетіні бұған дейін де айтылып келе жатқан жай. Олардың көбірек пайда түсіруді көздегендіктен күні бойы демалмастан екі ортада жолаушы таситыны да жасырын емес. Жүргізушінің сөйтіп жүріп әбден болдырғаннан жол үстінде қалғып кеткен жағдайлары да кездесті. 

Осы орайда Батыс Қазақстан облысының тұрғындары облысаралық маршрутта қатынайтын автобустарды қайтадан желіге шығаруды сұрап отыр.

БҚО бас санитарлық дәрігері Мұқамғали Арыспаевтың 21 қаңтардағы қаулысымен аталған автобустар мен микроавтобустардың жүрісі тоқтатылған болатын. Жолаушылар үлкен көліктерде де санитарлық талаптарды сақтауға болатынын айтады. Орал-Ақтөбе, Орал-Атырау бағыттарының әрқайсысы шамамен 500 шақырымды құрайды. Екі ортаға автобустың белгіленген құны 4 мың теңге, таксилер 7 мың теңгеге дейін сұрайды. Алайда, тұрғындар үшін ең бастысы – үнемдеу де емес, баратын жеріне қауіпсіз жету. Бұл жағынан, расымен де уақытылы жүретін, жылдамдықты арттырмайтын, жүргізушісі тәжірибелі автобустар сенімді екені анық.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу